Мәжілісте құқық қорғау қызметін жетілдіру бойынша заң жобасы қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілісте құқық қорғау қызметін жетілдіру бойынша заң жобасы қаралды

09.02.2022

Құқық қорғау қызметкерлеріне мерзімнен бұрын атақ-шендер беру тәртібі күшейеді. Көтермелеу арқылы атақтарды екі рет қана беру ұсынылып отыр. Еліміздегі құқық қорғау қызметін жетілдіру үшін жаңа заң жобасы әзірленген. Бүгін құжат Мәжілісте талқыланды. Берік Көшербай тарқатады.

Еліміздің құқық қорғау жүйесі осыған дейін талай реформаланған. 2011 жылы арнайы заң да қабылданды. Бірақ, барлық органдар үшін кадрлық процестерді, қызметкерлерге қойылатын талаптарды бірдей ету қажет болған. Жаңа заң жобасына сәйкес, қызметке қабылдау тәртібі өзгереді.

Әсет Шындалиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
Конкурс арқылы негізінен аға басшы құрамдарға жеткілікті тәжірибесі бар адамдар тағайындалады. Оларды стажировкадан өткізудің қажеті аз. Сондықтан Заң жобасы конкурс бойынша тағайындалатын кандидаттар үшін стажировканы алып тастауды ұсынады. Ал, арнайы тексеруден конкурстан соң өтетін болады.

Бұған дейін құқық қорғау қызметіне конкурссыз қабылдау құқығы өңірдегі бастықта болған. Енді мұндай шешімді тек орталық қабылдайды. Ал арнайы мемлекеттік орган қызметкері және әскерилер құқық қорғау органына кіру үшін тексеру мен полиграфтан өтпейді. Әскери-дәрігерлік комиссиясыз, тестсіз жай ғана ауыса салады. Бұдан бөлек, көтермелеу ретінде мерзімінен бұрын атақ-шендер беру тәртібі күшеймек.

Берік Көшербай, тілші:
Қазіргі заң бойынша қызметкерлерге көтермелеу арқылы 6 рет атақ-шендер беруге болады. 2 рет – мерзімінен бұрын, 2 рет – кезектен тыс, 2 рет – бір сатыға жоғары. Осылайша лейтенант алты жарым жылда полковникке дейін өсе алады. Жаңа заңда көтермелеу арқылы атақтарды екі рет қана беру ұсынылып отыр.

Бір ай бұрын Президент заңсыз қару айналымы бойынша талапты қатаңдату, билік өкіліне шабуыл жасап, заңды талапқа бағынбағандарға жауапкершілікті күшейту және күштік құрылымдардың шешім қабылдаудағы дербестігі туралы айтып, тиісті заңдарға өзгеріс енгізуді тапсырған. Мәжіліс спикері осы жұмысты ұзаққа созуға болмайтынын айтты.

Құқық қорғау қызметін жетілдіру туралы Заң жобасы Мәжіліске былтыр күзде түскен. Жұмыс тобы 15 рет отырыс өткізіп, құжат бүгін бірінші оқылымда мақұлданды. Ал енді екінші оқылымға дейін депутаттық корпуска қосымша 3 заңды да жылдам қарауға тура келіп тұр.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу