Елдегі 3 млн тұрғыннан өзге азаматтардың барлығының қарызы бар. Банктерге 11 трлн теңгедей берешек. Бұл жеке тұлғалар рәсімдеген несие. Тұтынушылық кредит кәсіпкерліктен де асып кеткен. Көбісі 300 мың теңгеге дейінгі соманы рәсімдейді. Сарапшылар мұны алаңдарлық мәселе деп отыр. Бірақ, төлем қабілеті төмен адамдарға қаржы ұйымдары ақша беруді шектейтін емес.
«Қарыз күліп кіріп, жылап шығады». Несие де солай. Бірақ, еселеп өтеуге тура келеді. Бүгінде жеке тұлғалардың банктерге берешегі 11 трлн теңгеге жете ғабыл. Кредиттік карта 348 млрдтан асады. Көлік несиесі 1 трлн 1 млрд теңге. Ал, ипотека 3 трлн 40 млрдқа жуық. Ең көбі тұтынушылық несие 5 жарым трилиллондай.
Берешегі бола тұра банктер несие рәсімдейді. Өйткені, түбі өтейтінін біледі. Қаржы ұйымдарына пайыздан түсетін пайда маңызды. Ал, негізі қарыздық жүктеме коэффициентін қатаң сақтауы қажет. Мысалы, қолға алатын жалақы 100 мың теңге делік. Несие рәсімдегенде ай сайынғы төлем 50 мыңнан аспауы керек. Бірақ, ереже ескерусіз қалып отыр.
Нұржан Бияқаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы:
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі олардың әрекетін тоқтата алады. Қадағалау тетігі қолдарында тұр. Елдегі 22 банк пен қаржы ұйымдарына жаппай немесе нақты тексеріс жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауға, я болмаса айыппұл санкцияларын салуға болады. Сонда банктер ондай заңсыз қадамынан бас тартады. Егер оған да көнбесе уақытша лицензиясынан айыру керек.
Алайда, агенттік ақ-қарасын ажыратудың орнына адамдардан арыз күтіп отыр. Ал, ақшадан қысылғандарға қарыз алған дұрыс па, арыз берген дұрыс па?!
Мәди Сарбупин, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының бас маманы:
Екінші деңгейлі банктер қарыз алушылар мен қарыз шартын жасасқан кезінде жүктеме коэфицентін міндетті түрде қараулары тиіс. Өйткені бұл заңмен бекітілген. Егер сақтамаған жағдайда агенттік шара қолданады. Өз кезегінде ондай жағдайлар болса қарыз алушылар бізге келіп жүгінуіне мүмкіндігі бар.
Қарыз алу Жапонияда жат әдет. Банк түгілі бауырынан сұрауға ұятсынады. Әрине, ділі бөлек ел. Бірақ, есі кірген адам ешкімге масыл болмауы тиіс деген ұстаным – алақан жайдырмайды. Ақша жинауға қамданады. Несиенің өзін көлік пен пәтер үшін алады. Себебі, жүктемесі жеңіл. 3-4 пайыз ғана. Жапон қызына үйленген Әли Әбдіғали осылай дейді. Отандасымыз күншығыс елінде 15 жылдан бері тұрып жатыр.
Әли Әбдіғали, кәсіпкер /Кобе қаласы/:
Жапон қоғамында қарызға беру, қарызға алу деген әдет жоқ. Жапонияға келгенде ақшаға қиналған кез болған. Сол кезде жұбайымның әке-шешесінен ақша сұрайын деп кеңес сұрағам. Маған түсіндірген. Сондықтан туған бауырларыңнан, туған әке-шешеңнен қарызға беру, қарыз сұрау деген әдет жоқ. Бірақ қаржылай қиналған кезде туысқандар ақшаларын бере салады. Жәй ғана бере салады. Қарыз емес ол.
Біздегі тағы бір келеңсіздік – несие рәсімдегенде банктер ақшалай карта ұсынады. Оны алмасыңа қоймайды. Ал, қаржыдан қысылған адам картадағы соманы жаратып тастауы мүмкін. Мұндай жағдайда арнайы агенттікке шағымданған абзал.
Нысаналы Ығыл