Түркістан облысы Сарыағаш ауданында ел Президентінің тапсырмасына орай әзірленген «Ұлттық жоспар» аясында 1 мыңнан астам жас жұмысқа орналасты. Оның ішінде 800-дей азамат тұрақты әрі ақылы жұмыстарға тартылса, қалғаны «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары бойынша еңбекке араласқан.
Жоғары оқу орнын былтыр бітірген Бағиланың бүгін алғашқы жұмыс күні. «Жастар практикасы» бойынша Сарыағаш қаласы әкімдігінің коммуналды шаруашылық бөліміне маман болып қабылданды. Айына 91 мың теңге жалақысы бар.
Бағила Мырзатаева, «Жастар практикасына» қатысушы:
Тиімді жақтары 6 айдан 12 айға дейін созды. Сонан соң жалақысы да көтерілді. Болашағыма енді алаңдамаймын. Өйткені он екі айдан соң осы жерде тұрақты жұмыс істеуіме мүмкіндігім бар.
Биылғы жылдың ақпан айынан бастап Сарыағаш ауданында Бағила секілді 250 жас маман «Жастар практикасы» бойынша еңбекке араласты. Сондай-ақ 134 азамат мемлекеттің қаржылай грантына ие болып, кәсіп ашты. Соның бірі Жасұлан Дүйсек. Ол 583 мың теңге қайтарымсыз қаржыға керекті құралдарын сатып алды. Бизнес жоспарына сай электр қозғалтқыштарын жөндейтін шеберхана жасақтап, қазір халыққа қызмет көрсетуде.
Жасұлан Дүйсек, кәсіпкер:
Бизнес өте жақсы. Ертең тағы да қаражат бөлінсе немесе өз қаражатым көбейіп жатса мұны ары қарай үлйкейтіп, ғимарат ашсақ кем дегенде 5-6 адамды жұмыспен қамтуға әбден мүмкін.
Ауданда кәсіп ашамын деген мұндай жастар биыл 200-ден асып отыр. Мұнан бөлек тағы 320 азамат кәспкерлік негіздерін үйренуде. Аймақта сондай-ақ кейбір мамандық иелеріне де қажеттілік бары анықталған.
Динара Динашова, Сарыағаш ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры:
Ауданда 250 жұмыс берушіміз 500 орынға сұраныс жіберді. Ол жерде негізгі мамандық медбикелер, мұғалімдер, қалғаны есепші, құқықтану т.б.
Ұлттық жоба аясында биыл Сарыағашта жыл соңына дейін 5 мыңнан астам азаматты жұмысқа орналастыру көзделіп отыр. Оның 70 пайызы жастар. Межелі іс сәтімен жүзеге асса, жастар арасындағы жұмыссыздық 2 пайызға азаятын болады.