НАТО: Ресей Беларуське 30 мың жауынгер кіргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

НАТО: Ресей Беларуське 30 мың жауынгер кіргізді

03.02.2022

Ресей Украина маңына 100 мыңнан астам жауынгер жинап қана қоймай, Беларусь жеріне 30 мың сарбаз бен заманауи әскери техника енгізді. Олардың қатарында арнайы күш қызметкерлері, Су-35 ұшақтары, «Искандер» зымырандары бар.

Мұны бүгін НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг мәлімдеді. Оның сөзінше, Мәскеу қырғи-қабақ соғыс аяқталғалы Беларуське мұнша көп әскер жібермеген екен.

Айта кетсек, өткен тәулікте АҚШ Германияға, Польшаға, Румынияға қосымша 3 мыңдай жауынгер жөнелтетінін жариялады. Ал, осыған дейін Еуропаға Американың 75-80 мың жауынгері шоғырландырылған.

Кремльдің мәлімдеуінше, Құрама Штаттар күштерінің Еуропаға көптеп баруы аймақтағы шиеленісті тіпті өршітпек. Сонымен қатар, Ресей Украинаға басып кіру жоспарының жоқ екенін айтып келеді. Батыс болса, Мәскеудің мұндай мәлімдемелеріне сенбей отыр.

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған болса, Украина мен Ресей тайталасында арағайындық жасау үшін бүгін Киевке барып, президент Владимир Зеленскиймен кездесті.

Анкараның екі елмен де қатынасы жақсы. Болжамдарға қарағанда, Ердоған қарсыласушыл тараптарды ұстамдылыққа шақырмақ. Сол үндеуден кейін аймақтағы дағдарыс жеңілдеуі мүмкін деп хабарлайды «Рейтер» агенттігі.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу