Қызылорда облысында автогаз бекеттері жабылудың алдында тұр. Сұйытылған газ нарығындағы заңнама өзгермесе, өңірде жанар-жағармай кәсібімен айналысатын шағын кәсіпкерлік нысандары қалмауы мүмкін. Арзан отынға қолы жетпей жүргендердің базынасын өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы тыңдады.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Қаланың қақ ортасындағы мына газ құю бекетінің жұмысы тоқтағанына біраз болды. Тіпті қазір автотұраққа айналған. Жалпы, облыста жанар-жағармай сатумен айналысатын кәсіпкерлердің 80 пайызға жуығы бүгінде құрдымға кеткен. Себебі мұнай нарығындағы «көз қысты, бармақ басты» әрекеттердің кесірінен бизнес өкілдерінің құқығы шектеліп, газ, бензиннен қағылған.
Кәсібі тоқыраудың алдында тұрған кәсіпкердің бірі - Талғат Жұматов. Мұнай өнімдерін саудалау бойынша келеңсіздіктер 2017 жылдан басталды дейді ол. Содан бері шағын және орта бизнес өкілдері арзан жанармайдан қағылып келеді. Ал алып компаниялардың мүддесін күйттеген заңнан бәсекелестік орта біржола жойылды. Кәсіпкердің бұрын облыс аумағында жанар-жағармай бекеттері болса, қазір тек қаладағы бірнеше нүктесін әрең ұстап отыр.
Талғат Жұматов, «Олжас» ЖШС директоры:
Перевалка деген заңның бізге дәл қазіргі жағдайда керек емес деп тұрғаным, біз мына тұрған 140 км Ақшабұлақтан өзіміздің газавозымызбен алып, заправкаларымызға құйып отыра беруімізге болады. Әлеуметтік газ берілсе, тоннасы 28 теңгеден беріледі. Ал біз тоннасын 175 теңгеден алып келдік. Биыл енді заман түзелмесе біз жабылатын едік.
Тауы шағылған кәсіпкерлер жергілікті билік өкілдерімен «Атамекен» палатасында кездесіп, талап-ұсыныстарын ашық айтты. Президент пәрменінен кейін заңнамаға өзгерістер енгізілу үстінде. Ал құзырлы органдар аймаққа қатысы бар 12 компанияға тексеру жүргізіп, біраз былықтың бетін ашты.
Ерсін Орынбаев, облыстық Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы:
Қызылорда облысына бөлінген сұйытылған мұнай газдың біраз бөлігі Түркістан облысына, Шымкент қаласына, Жамбыл облысына сатылып кеткен фактілер кездесіп жатыр. Одан бөлек ценовой сговр орысша сондайда бұзушылықтар орын алып жатыр.
Облысқа ақпан айында 6652 тонна сұйытылған газ бөлінген. Бірақ, өңірде көгілдір отынға сұраныс жоғары, сондықтан тапшылық болуы мүмкін. Сол себепті жергілікті кәсіпкерлер аймаққа берілетін газ көлемін ұлғайтып, нарықтағы үлестің жариялы жүргізілуін талап етуде.
Ерлан Жоламанов, облыстық Энергетика басқармасы басшысының орынбасары: Барлық есептеме ашық, шынайы түрде болу керек. Сондықтан да кәсіпкерлердің бұл ұсынысын ескереміз. Ол жақтағы бөліністі кез келген кәсіпкер көре алады.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Салаға жауаптылардың айтуынша, Энергетика министрлігі газ қорын тұтыну межесіне қарай көбейтіп, тапшылық туындамайды деп отыр. Сондай-ақ, жанармай құю бекеті бар кез келген кәсіпкерге сұйытылған газды өндірушіден тікелей делдалсыз, арзан бағамен алуға жағдай жасалмақ. Қазір шағын және орта бизнес өкілдерінің мүмкіндігі ескеріліп, заңнамаға тиісті өгерістер енгізуге ұсыныс берілген.