Сұйық отынды сыртқа шығаруға салынған тыйым жалғасуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сұйық отынды сыртқа шығаруға салынған тыйым жалғасуы мүмкін

03.02.2022

Елімізде сұйытылған газдың бағасын тұрақты ұстап тұруда кедергі өте көп. Жанар-жағармай мен сұйытылған газдың нарық тізбегінде «өнімсіз делдалдары» бар. Мәселен, меншігінде не газ құю, не газ жинақтау станциясы жоқ алыпсатарлар кездеседі. Бұл жайында Энергетика министрі журналистермен өткен баспасөз отырысында мәлімдеді.

Сәбит Әлдебай, тілші:

Мұнай өнімдерінің негізсіз қымбаттауына осындай көзге көрінбейтін ойыншылар да әсер етеді. Мұндай делдалдарды нарықтан аластамай, сұйық отынның бағасын тұрақты ұстау қиындық тудырады деді министр. Ведомство басшысының сөзінше, сұйық отынды сыртқа шығаруға салынған тыйым 180 күндік меже біткен соң да жалғасуы мүмкін дейді. Ал электр энергиясының да бағасы тұрақты болмақ.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

Ең бірінші мәселе тапшылық болмас үшін генерацияны көбейтуіміз керек. Электр желілерінің сапасын көтеруміз керек, осы жұмыстың бәрін осы берілген 180 күннің ішінде әзірлеп, сіздерге қосымша ақпарат жеткіземіз. Бірақ баға жағын айтсақ, біз 2021 жылғы бағасын сақтауға тырысамыз.

Сәбит Әлдебай, тілші:

Министр атом электр станциясын салу туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, әзірге Қазақстанда атом станциясын салу жөнінде нақты шешім жоқ. Министр мұндай шешім халықтың пікірін ескере отырып қана қабылдануы мүмкін екенін баса айтты.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

Бұл да қарастырылуы мүмкін. Бірақ тағы да айтайын, бұл өте нәзік мәселе және тыңғылықты зерделеуді қажет етеді. Ол зерттеуге бірінші кезекте қоғамды тарту керек.

Сәбит Әлдебай, тілші:

Биыл жөндеуден өтуі тиіс екі мұнай өңдеу зауытындағы жұмыстар келер жылға қалды. Мұндай шешім көктемгі егін науқаны кезінде тапшылық болмауы үшін қабылданған. Шаруаларға дизельдік отынды жөнелту осы ақпан айынан басталады. Биыл егін егу жұмыстары ерте басталатын оңтүстік өңірлерге 800-850 мың тонна сұйық отын бөлу жоспарланған.


Хабарламаларға жазылу