Ішкі істер органдарында маман жетіспейді. Кадр тапшылығы 10 пайызға жуық. Бұл туралы Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров айтты. Оның сөзінше, полиция қызметкерлерінің беделін көтеру, оларға деген азаматтардың құрметі мен сенімін арттыру - өзекті мәселе.
Себебі қаңтардағы қайғылы оқиғалар билік өкілдерінің осы саладағы осалдығын көрсетті. Онда 3 мыңға жуық полиция зардап шекті. 6 полиция қызметкері қаза тауып, 100-ден астамы жарақат алды. Қазір органда аттестациялаудан өткен 72 мыңға жуық қызметкер бар. Олардың жалақылары мен әлеуметтік кепілдіктері көңіл көншітерлік емес.
Өзге құқық қорғау органдарына қарағанда полиция қызметкерлерінің ең төменгі жалақысы екі есе төмен. Сондықтан оларды ынталандыру мақсатында қаржылай, материалдық теңестіру қажет деді депутат.
Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Ішкі істер органдарындағы қызметкердің 28 пайызға жуығы баспанаға мұқтаж. Коммуналдық қызмет 3739 тенге өтеу қарастырылған. Бірақ бүгінде бұл 20 мың теңге. Осыған байланысты барлық санаттағы қызметкерге тұрғын үйге өтемақы төлеу қайта есептелсін.