Депутат: Балаларға ай сайын 36 мың теңгеден жәрдемақы төлеу керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутат: Балаларға ай сайын 36 мың теңгеден жәрдемақы төлеу керек

02.02.2022

Әр балаға ай сайын 36 мың теңгеден жәрдемақы берілу керек. Кемінде әр оныншы бала аз қамтылған отбасында тұрады. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмек төлемін көбейту маңызды. Бұл туралы Динара Зәкиева бастама көтерді. Ол вице-премьер Ералы Тоғжановқа сауал жолдап, 1 млн 145 мың отбасы дағдарыста өмір сүріп жатқанын жеткізді. Қиын жағдайда қалғандарды өздігінен іздеп жатқан ешбір орган жоқ. Тек өтініш түссе ғана жұмыс істейді. 13 жасқа дейінгі кей жеткіншектер сырқаты барына қарамастан туғаннан бері медициналық тексеруден өтпеген.
Динара Зәкиева,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын қолдаудың тиімділігін арттыру керек. Ол үшін атаулы әлеуметтік көмекті күнкөріс минимумына дейін жеткізген дұрыс. Яғни 1 балаға 36 мың теңге төленгені жөн. Бұл үшін қосымша 225 млрд қажет.
Ал депутат Ерлан Саиыров ең төменгі күнкөріс шегін арттыруды ұсынды. Жалақысы аз адамдарды табыс салығынан босатып, жыл сайын инфляцияға сәйкес айлықты өсіріп отыруды ұсынды. Оның сөзінше 1,5 млн-дай адам күнін зорға көріп жүр. Ал ең төменгі күнкөріс шегі 36 және 25 мың теңге көлемінде. 

Хабарламаларға жазылу