Алматы облысында шаруалар қыста да құлпынай өсіруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында шаруалар қыста да құлпынай өсіруде

02.02.2022

Алматы облысында шаруалар қыста да құлпынай өсіруде. Балпық би ауылының тұрғыны жылыжай тұрғызып, жидектің суыққа төзімді корейлік сортынан өнім ала бастады. Жазда өсетін дақылға кондитерлік цехтар мен қарапайым тұрғындардан сұраныс көп. Жылыжайдың ерекшелігімен өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы танысып қайтты.

Балбырап піскен алуан түрлі көкөніс пен жеміс-жидек қысы-жазы Светлананың дастарханынан үзілмейді. Ол 2015 жылы жер телімін рәсімдеп, 800 шаршы метрге жылыжай салды. Алдымен аскөк, кейін қияр, қызанақ екті. Биыл алғаш рет құлпынай өсіріп, өнім алып жатыр.

Светлана Зубович, серіктестік директоры:

Биыл біз бұл жерден 700 келі құлпынай жинаймыз деп жоспарлап отырмыз. Әрине бұл өте аз. Бірақ алғашқы жыл болғандықтан және бірінші рет сынақтан өткізіп жатқандықтан, меніңше, өнімділік жаман болмайды.

Шаруа көктем шығысымен тағы бір жылыжай құрылысын бастамақ. Ол жерде қияр мен қызанақ өсіруді жоспарлап отыр.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Жылыжайдың өз омартасы бар. Ауа температурасы 18 градустан жоғарылаған кезде аралар оянып, құлпынайдың гүлдерін тозаңдандырады. Кәсіпкер жылыжайдың жерін тиімді пайдалану үшін төменгі жағына пияз өсіріп жатыр. Ал көктем, жаз айларында гүл өсіруді жоспарлап отыр.

Шаруашылық бес адамды жұмыспен қамтып отыр. Кеңейген кезде олардың қатары арта түспек. Ал былтырдан бері Көксу ауданына көгілдір отын кіре бастады. Табиғи газ жылыжайға тартылса, шығын да азаятыны сөзсіз. Қазір жылыжай балондағы көгілдір отынмен жылытылады.

Руслан Балғабаев, Балпық би ауылдық округінің бас маманы:

Негізі ауылға газ келді. Қазір шетіне дейін келіп, тұрғындарға беріліп жатыр. Осы жерге дейін қолымыздан келгенше көмектесіп, осы жылы жылыжайға дейін жеткізіп береміз деп ойлаймыз.

Елдімекенде тағы бірнеше жылыжай жұмыс істеп тұр. Ал кей шаруалар көктемгі-дала жұмыстарына әлден қамдана бастады.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу