Қызылорда облысында әлеуметтік қоймада 1000 тоннадан астам азық-түлік қоры бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында әлеуметтік қоймада 1000 тоннадан астам азық-түлік қоры бар

02.02.2022

Қызылорда облысында азық-түлік бағамын тұрақтандыру үшін әлеуметтік дүкендер саны көбейтілмек. Бүгінде қала аумағында 36 сауда нүктесі ашылған. Онда тұрмысқа қажетті тауарлар халыққа қолжетімді бағамен сатылып жатыр. Әлеуметтік жобаның тиімділігі жөнінде өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы тарқатып айтады.

Нарықты тұрақтандыру үшін қаладағы әлеуметтік дүкендердің маңызы зор болып тұр. Әр мөлтек ауданнан ашылған шағын сауда орындарында ең төменгі шекті баға белгіленген. Мұнда нан 55 теңге, картоп пен сәбіз 130, жұмыртқа 32 теңгеден сатылуда.

Алтын Алмағамбетова, зейнеткер:
Әлеуметтік дүкенге жиі келеміз. Базар мен басқа магазиндермен салыстырғанда бағасы әлде қайда тиімді. Көп керек заттарымызды осында аламыз.
Ұлболсын Бимағамбетова, зейнеткер:
Осы жерден керегімді аламын. Арзан.

Жалпы қалада тұрмысқа қажетті деген азық-түліктің 19 түрі бойынша жылдық қор қарастырылған. Азық арнайы жабдықталған қоймада сақталып тұр.

Әділбек Серікұлы, тілші:
5 мың шаршы метрді құрайтын алып қоймада сақтауға келетін азық-түліктің 9 түрі бар. Мұнда, күнделікті 10-15 тонна өнім әлеуметтік дүкендерге жөнелтіледі. Қазіргі таңда қоймада мың тоннадан астам азық-түлік қоры сақтаулы.

Өңірде азық-түлік бағамын тұрақтандырумен «Байқоңыр» әлеуметтік корпорациясы айналысады. Мемлекеттік компания ұзақ сақтауға келмейтін өнімдер бойынша кәсіпкерлермен өзара келісімге келіп, қаладағы дүкендерге жеткізіп отыр.

Жеңісбек Ахметов, «Байқоңыр» ӘКК төрағасының орынбасары:
Кәсіпкерлерге 0,1 пайызбен займ беріп, айран, сүт тауық еті, ет өнімдері деген сияқты соның барлығын кәсіпкерлер өздері сақтап, қаланың төңірегінде 36 дүкен болса, оның екеуі ет дүкені толық өздері күнделікті жеткізіп отырады.

Биыл облыста азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінді. Оған 5 мың тоннадай 19 атаулы өнім алынып, қажетті қор жиналмақ. Жергілікті билік базар бағамынан 15 пайызға дейін арзан азық сататын әлеуметтік дүкендерді енді аудан орталықтарынан да ашуды жоспарлауда.


Хабарламаларға жазылу