Түркіменстанның Қазақстандағы мәдениет күндері басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркіменстанның Қазақстандағы мәдениет күндері басталды

30.04.2014
Түркіменстанның Қазақстандағы мәдениет күндері басталды
27-сәуірден бастап, Алматы қаласында Түркіменстанның Қазақстандағы мәдениет күндері өтуде.
 
Былтыр мамыр айында Түркіменстан президентінің Қазақстанға ресми сапары барысында  екі ел басшылары 2014-жыл Түркіменстанның Қазақстандағы, ал, 2015-жылы Қазақстанның Түркіменстандағы мәдениет күндерін өткізуді жоспарлаған болатын.
 
Осыған орай, Алматыда Түркіменстанның мәдениет күндерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Туыс түркімен елінен 60-қа жуық делегат келді. Олар - өнер жұлдыздары, ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері.
 
Мәдениет күндері аясында Түркіменстанның танымал өнер шеберлерінің қатысуымен концерттер, сондай-ақ, сәндік-қолданбалы өнері мен мұражай құндылықтарының көркем туындылары көрмесі өтеді.
 
Екі елдің мұражай және кітапхана қызметкерлері де дөңгелек үстелде бас қосады деп жоспарлануда. Түбі бір түркі елінен келген қонақтар Қазақстанмен арадағы достықтың нығайып келе жатқанын айтты.
 
Магтымгулы Акмырадов, Түркіменстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті  Елшісі:
Мәдениет күндерінің өтуі  бауырлас екі ел арасындағы бұрыннан келе жатқан достықты одан да тереңдете түсері хақ. Біздің тіліміз де, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, тарихымыз, бәрі де ұқсас. Әсіресе, екі жақтың жастарын жақындастырады деп сенемін.
 
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ
 

Хабарламаларға жазылу