Құрылыс саласына бақылау күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрылыс саласына бақылау күшейеді

01.02.2022

Үкімет әлеуметтік осал топты үймен қамтуға ден қойды. Мамырдан бастап 70 мың адамның пәтер жалдау ақысы жеңілдетіледі. Тек көмек беріп қана қоймай, құрылыс саласындағы күрделі мәселелерді түбегейлі шешу де көзделіп отыр. Тұрғын үй саясатын қайта саралап, баспана бағасын арзандату – басты мақсат. Нысаналы Ығыл тарқатады.

Қазақстанда құрылыс қарқынды, ал, қоныстану аз. Былтыр 17 млн шаршы метрден аса үй салынды. Бірақ, бұқараның алуға шамасы жоқ. Қымбатшылықтан пәтер жағалайды. Әйтеуір, мұқтаждардың үні үкіметке де жетті. Биыл мамырдан бастап жалдау ақысының тең жартысын мелекет өтемек. КЕСТЕ: Әзірге 70 мың адам анықталып отыр. Оның 51 мыңы көпбалалы және мүгедек балалары бар 7 мың отбасы. 2 мың жетім, тағы 10 мыңы – 1,2-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Сол жетпіс мыңға жәрдем беру үшін 50 млрд теңге бөлінеді. Жалпы, елде 590 мыңдай адам үй кезегінде тұр. 210 мыңы әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Жаңа тәсілдер мен механизмдер 10 жыл ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған жарты миллионнан астам адамның баспана мәселесін шешуге және мемлекеттік қолдаудың әділетті, ашық әрі қолжетімді жүйесін жасауға мүмкіндік береді.

Құрылыс қомақты қаржының қоржыны. Салаға жұмсалатын қаржыға талдау жүргізілмесе талан-таражға түсетіні айқын. Сондықтан мемлекеттік сараптама порталында онлайн-калькулятор енгізіліп, шығындардың шекті лимиті белгіленді. Отандық өндіріс те оңып тұрған жоқ. Құрылыс материалдарының жартысына жуығы импорт. Бізде бетон, цемент, қабырға құралдары сияқты базалық өнімдер ғана бар. Ал, қалғанымен жақын арада қамтимыз деген жоспар бар. 8 мың 600 жұмыс орнымен жаңа кәсіпорын ашылады. Онда 35 импорттық тауар алмастырылады. Сөйтіп, сырттан жеткізу үлесі 60%-ға кемітілмек. Құрылыс саласында мемлекеттік бақылауды күшейту үшін заң жобасы әзірленді.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Аумақта құрылысты сапасыз жоспарлауды болдырмау үшін қала құрылысы сараптамасын енгізу. Құрылыстың барлық кезеңінде объектілерге жоспарлы бақылау енгізу және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының объектілерді пайдалануға қабылдауға қатысуы. Пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасына зертханалық және техникалық тексеру жүргізу үшін тәуелсіз мемлекеттік зертханалық қызмет құру.

Сонымен құрылыс саласы цифрланады. Баға белгілеу жүйесі жетілдіріліп, бақылау күшейеді. Сөйтіп аталған шаралар шарасыз жұрттың жоғын түгендейді дегеннен үмітті Үкімет.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу