Петропавлдағы Халыққа қызмет көрсету орталығы жылусыз қалды. Орталық былтыр бастан-аяқ жөнделген еді. Жылыту жүйесін ауыстырған мердігердің қателігінен құбырларда ақау пайда болған.
Тапсырысты ұтып алған көкшетаулық компания жағдайды түзетуге асығар емес дейді орталық өкілдері. Жөндеу жұмыстарының кепілдік мерзімі аяқталмаған. Күніне жүздеген адам келетін орталықтағы ауа температурасы қазір 10-13 градустан аспайды.
Игорь Макущенко, ХҚКО Әкімшілік-шаруашылық қызметінің басшысы:
Қондырғы дұрыс орнатылмаған. Сондықтан жылу режимі бұзылды. Жұмысты күзде қабылдадық. Ақау барын білмедік. Мердігерден бәрін қалыпқа келтіруді талап етеміз. Жуырда батареялар қатып қалып, компания өкілдерін шақырттық. Жұмысты аяғына жеткізбей кетіп қалды. Олар кепілдік шарты бойынша өз міндетін орындамаса, сотқа береміз.