Ерлан Қошанов Парламент Мәжілісінің төрағасы болып сайланды. Бұған дейін ол Президент Әкімшілігі басшысының қызметін атқарып келген. Cондай-ақ, орталық сайлау комиссиясы Нұрлан Нығматулиннің өтініш беруіне байланысты, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Бұл туралы комиссияның бүгінгі өткен отырысында белгілі болды. Биыл Мәжіліс спикері болғанына 10 жыл толған Нұрлан Зайроллаұлы үш шақырылымға төраға болған.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынғы төрағасы:
Осы уақыттың ішінде еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласып, халқымызға қажетті заңдар қабылдау жолында бірлоесіп еңбек еттік. Маған осы жылдарда бірнеше лауазымды қызметті сеніммен тапсырып, қолдау көрсеткен үшін алғымызды білдіремін.
Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен Парламент Мәжілісі депутатының бос мандаты «Nur Otan» партиясы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ерлан Қошановқа берілді. Осыдан кейін депутаттар Ерлан Жақанұлын Парламент Мәжілісінің төрағасы етіп сайлады. 59 жастағы Ерлан Қошанов бұған дейін түрлі қызмет атқарған. Мамандығы бойынша инженер-механик. Еңбек жолы «Жезқазған түсті металл» фабрикасында қарапайым жұмыскерден басталып, бас маман, бөлім бастығы, орынбасар, төрағалыққа дейін жетті. Азаматтық авиация комитетін, Премьер-министрдің кеңсесін басқарды. Әр жылдары депутат болды. Қарағанды облысының әкімі әрі 2019 жылдан бүгінге дейін Президент Әкімшілігі басшысының қызметін атқарған. «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Өмір жолымның бірқатар уақыты осы парламент қабырғасында өтті. Сіздердің сенімдеріңіздің арқасында осы абыройлы жұмысты жалғастырамыз деп ойлаймын. Парламент Мәжілісіне жетекшілік ету деген ерекше мәртебе. Бұл - Қазақстан халқы мен мемлекет басшысының алдындағы үлкен жауапкершілік.