Ахмет Байтұрсынұлы туған ауылдың тұрғындары жол қатынасының азабын тартып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ахмет Байтұрсынұлы туған ауылдың тұрғындары жол қатынасының азабын тартып отыр

31.01.2022

Биыл 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланатын Ахмет Байтұрсынұлы туған ауылдың тұрғындары жол қатынасының азабын тартып отыр. Ұлт ұстазының атын иеленген бұл елді мекен Қостанай облысының ең шалғай нүктесі. Облыс орталығынан 700 шақырым, аудан орталығынан 107 шақырым қашықта. Соның соңғы 107 шақырымына ешқашан асфальт төселмеген. Қазіргі Жанкелдин ауданына қарайтын киелі мекенде әріптесіміз Дәуренбек Әбдібек болып қайтты.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Ахмет ауылы. Ұлы Ахаң дүниеге келген атажұрты осы. Кезінде кеңестік шаруашылықтың орталығы болған. Кейін елге нарық кіріп, шаруашылық ыдырап, адам саны азайғанымен, көпшілік бұл жерден көшкен жоқ. Қазір мұнда 80-нен астам отбасы бар, адам саны 500-ден асады.

Жерігілікті жұрт негізінен мал бағып күнелтеді. Құрғақшылықтың кесірінен шөпті шалғайдан таситындары болмаса, төрт түліктің тұяғы жеткен жердің бәрі жайылым. Яғни малға жайлы. Алайда елдің бұл жерден табан аудармауының басты себебі, жеті атасынан бері мекендеген атажұрт, киелі мекені.

Әбсалық Жақсымбеков, Ахмет ауылының тұрғыны:
Бұл Ахметтің туған жері. Сондықтан біз бұл жерден көшпейміз. Тірлік жасаймыз қалайда. Кімге де болса атамекені ыстық қой. Малмен күн көреміз.

Ахмет ауылымен арасы 9 шақырымдай болатын көршілес Ақкөлдегі жағдай да осындай. Тұрғындар саны шамалас, күрмеулі мәселелері де ортақ. Екі ауылға да қатты қиындық тудырып отырған сапалы жолдың жоқтығы.

Өмірбек Құдабаев, Ақкөл ауылының тұрғыны:
Жол нашар. Әсіресе көктем, күзде жүре алмаймыз.

Қыста қар астында жатқан соқпақтың ой-шұқыры әрине көрінбейді. Ал жаздағы жағдай осындай. Ми батпаққа малтығып жолда қалу бұл жақта үйреншікті жайт. 2021 жылы екі ауылдың ортасына Жыланшық өзенінің үстінен көпір салынды. Ал биыл 450 млн теңгеге 107 шақырымның 11 жарым шақырымына асфальт төселмек. Бірақ мұндай қарқынмен жолдың жуық арада толық салынып бітуі неғайбыл. Ахмет ауылына жуырда сапарлап барған облыс әкіміне жұртшылық осы базынасын жеткізді. Жауабын естіді.

Кәдіржан Бөрібайұлы, Ақкөл ауылының тұрғыны:
Тағы 21 шақырым қосатын болды 11-ден бері қарай. Бұл үлкен көмек. Солай-солай бірте – бірте салатын шығар. Сосын 2-3 жылдың көлемінде аяқтаймыз ретін келсе деді.

Сөйтіп әкім уәде берді, жұрт оған сенді. Көпшілік сапалы жолдың салынуы ұлт ұстазының кіндік қаны тамған өңірге тың серпін береді деп есептейді.

Дәуренбек Әбдібек 


Хабарламаларға жазылу