Былтыр шаруалар 30 млрд теңге утиль алымын төлеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Былтыр шаруалар 30 млрд теңге утиль алымын төлеген

30.01.2022

Шаруалар мен дихандар агротехникалардың утильдік алымын алып тастауды талап етті. Фермерлердің сөзінше, бұл алым техниканың қымбаттауына себеп. Ал ол өз кезегінде өндірілетін өнімнің қымбаттауына әсер етеді. Былтыр шаруалар 30 млрд теңге утиль алымын төлеген.

Әрбір бөлке нанда, литр сүтте утильдік алымның құны бар. 2020 жылмен салыстырғанда ауыл шауашылығы техникаларының әрқайсысы 13,8 миллион теңгеге қымбаттап, алты жылда Еssil КЗС-760 комбайнының бағасы 23 миллион теңгеден 68 миллион теңгеге жетті. Утильдік алым - тек ірі бизнесті дамыту үшін жасалған әрекет, – дейді фермерлер. Олар бұл алымды жоюды ғана айтпайды, Еуропа елдерінен сапалы техника әкелуді сұрайды. Отандық техниканың тез сынатынын, проблемаларының онсыз да өте көп екенін еске салады.

Ресми мәліметке сай, утильдік алымнан 691 миллиард 800 миллион теңге түскен. Ә.Назарбаевамен байланысы бар дейтін салық салумен айналысқан «Оператор РОП» кәсіпорнының ол ақшаны қалай жұмсағаны туралы толық дерек жоқ екені айтыла бастады.

Жоғары атқарушы билік аталған операторды утиль алымын жинау құқығынан айырғаны мәлім. Осы аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі «Оператор РОП» компаниясының төрағасы Медет Құмарғалиев пен экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтың тергеу изоляторына қамалғанын растады. Олар жемқорлық бойынша күдікке ілінген.

Сонымен бірге «Самұрық-Қазына» қорын реформалауға байланысты та пікір көп. Мысалы, Мәжіліс депутаты А.Жамалов қор қазірдің өзінде ойланбай қадам басып жатыр деп есептейді. Алдымен активтерге ауқымды аудит жүргізіп, қауқарсыз компанияларды іріктеп алып, бәсекелестік ортаға берген дұрыс, деп отыр. Ал, холдингтен халыққа үлес беру ұсыныстарын дұрыс емес деп санайды. Өйткені қордың өзінің берешегі 7 жарым трлн теңгеден асады. Демек 18 млрд доллар қарызы бар.

Ал Сенат депутаты Еділ Мамытбеков «Самұрық-Қазына» қоры туралы заңды қайта қарау керек, тіпті оны ел экономикасының дамуын тежеуші ретінде жою қажет деп санайды. Реформа жүрсе жөнделеді дегенге сенбейді.

«Самұрық-Қазына» басшысы Алмасадам Сатқалиев қордың сатып алулары туралы онлайн-мәжіліс өткізген, сонда «Салмақты реформа бастадық, одиоз адамдарды жұмыстан шығаруға ұсыныс тастадық депті.

Одиоз(н) деген теңеу – жексұрын, ешкім ұнатпайды дегенді білдіреді. Көбіне саясат пен бизнесте өте ықпалдының тобына кіретін және ондай топтың негізгі мүшесінің бірін сипаттағанда қолданылады.

Алайда Сатқалиев одиоз(н) адамдар деп кімді санайтындарын ашық айтқан жоқ. Сонымен бірге қорды реформалауға байланысты пікірталаста «қазақстандық өзгешілік және қордың мандаты ескерілмей жатыр» деп есептейді. Оның сөзінше, цитата: қазір үкімет тарифтерді көтеріп, энергетика және газ нарықтарын либер-ализациялауға дайын емес.


Хабарламаларға жазылу