Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруды кезең-кезеңімен жергілікті деңгейге беру қажет. Премьер-Министр Әлихан Смайылов денсаулық сақтау жүйесіне қатысты кеңесте осылай деді. Айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бюджет ақшасын басқарып, бөлуді біртіндеп тоқтатып, қаржыландырудың қосымша көздерін іздеуі керек. Өйткені былтыр қазынадан бұл салаға 2,3 трлн теңге бөлінген. Премьер-Министр тез арада денсаулық сақтау инфрақұрылымына тәуелсіз техникалық аудит жүргізуді жүктеді. Сонымен бірге дипломнан кейінгі оқыту бағдарламасын әзірлеп, заманауи жабдықта жұмыс істей алатын кадрлар дайындауды тапсырды.