Петропавлда істен шыққан қазандықтар әлі жөнделіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда істен шыққан қазандықтар әлі жөнделіп жатыр

28.01.2022

Петропавл жылу электр станциясында істен шыққан қазандықтар әлі жөнделіп бітпеді. Апат салдарынан қаланың кей аудандарында қысым азайып, жылу берілу деңгейі төмендеп кетті.

Эльмира Кәленова, тілші:

Петропавл жылу электр станциясындағы қазандықтар соңғы бір айда осымен 3-ші рет істен шықты. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, оған қондырғылардың әбден ескіруі себеп. Желтоқсанда апат салдарынан денесін күйік шалған жұмысшы қайтыс болған еді. Ашылғанына 60 жыл болған нысанда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілген емес.

Михаил Косачев, «Севказэнерго» АҚ Бас директоры:

Халық шыдамдылық танытуда. Алғысым шексіз. Тағы да аз уақыт сабыр сақтауды сұраймын. Жылу станциясында 8 қазандық жұмыс істеп тұрған болатын. Үшеуі істен шығып, біреуі қайта қосылды. Ұжым тәулік бойы тізе бүккен жоқ. Штатта 800 адам бар. Тағы 124 маман жетіспейді. Осы мәсәле де қиындық туғызып тұр. Жуық арада бәрі қалпына келеді деп ойлаймыз.

Қаланың кей аудандарында жекелеген үйлер суып кеткенімен әлеуметтік нысандардың жұмысы тоқтаған жоқ. Жылу маусымы аяқталғаннан кейін орталықта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл мақсатқа 17 млрд теңге жұмсалмақ.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу