Қысқы Олимпиада ойындарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қысқы Олимпиада ойындарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді

27.01.2022

Қазақстандықтар 4-20 ақпан аралығында Бейжіңде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады. Олимпиадаға 87 лицензия жеңіп алған 34 жерлесіміз қатысады. Олардың дайындығы қызу. Спортшылар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі. Байрақты бәсекенің ашылу, жабылу салтанаты мен жалпы жарыстарды арнамыздан толықтай қазақ тілінде тамашалауға мүмкіндік бар. Комментаторлармен бірге тікелей эфирге қысқы спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар мен спорт сарапшылары шақырылады.

Дмитрий Морозов, Конькимен жүгіруден Олимпиада қатысушысы:

Коронавирус біздің дайындығымызға кері әсерін тигізбеді. Жоғары деңгейде жақсы дайындалып жатырмыз. Жуырда формамызды алдық. Көңілімізден шықты. Өте ыңғайлы. Қазіргі уақытта Алатау баурайындамыз. Денемізді шынықтырып, үздіксіз жаттығып, жеңіске жету үшін бар күшімізді салып жатырмыз.

Телеэфирден бөлек, олимпиадалық жарыстарды арналардың ресми сайттары мен мобильді қосымшасынан көре аласыздар. Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан 17:55-те басталады. Қазақстан құрамасы елдегі соңғы жаттығуларын аяқтап, бүгін Бейжің қаласына ұшады.


Хабарламаларға жазылу