Мүгедектерге күтім жасайтындардың еңбек демалысына 6 күн қосып беру ұсынылды. Сенаторлар мұны заңмен бекітуді көздеп отыр. Әзірге, бұл жағдай тек 1-ші және 2-ші топтағы адамдарға жасалған. Ал, жұмыс орындарында қолайлы орта қалыптасуы үшін ұжымдық шартта нақты көрініс табуы керек. Бірақ, ондай жағдай түгілі, мекемелер белгіленген квота ережелерін де сақтамайды. Бүгінде жұмысқа алу талабы 30 пайызға ғана орындалған. Сондай-ақ баспанамен қамту бастамасы көтерілді. Яғни, жалға берілетін үйді белгілі бір мерзімнен кейін жекешелендіріп немесе жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік жасалуы тиіс. Алайда, мұны жеке қарамай, тұтас тұрғын үй саясатына қатысты заң жобасында пысықтамақ. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың бюджетке бөлетін 1 пайыз табысы әлеуметтік кәсіпкерлерге де берілуі керек. Бүгінге дейін сол қаржыны пайдалану тізімінде олар жоқ. Жалпы, арнайы заң жобасына 500-ден аса ұсыныс түскен. 60 пайызы қолдау тапты. Жұмыс тобына халықаралық ұйымдар да тартылды. Солардың тәжірибесіне сүйеніп мүгедектікті анықтау немесе асқындырмау бойынша тәртіп түзілуі керек.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Баланы туғаннан бастап, көзіне, құлағына байланысты, жүйке жүйесіне байланысты айтарлықтай ауытқулар болса баланың тұратын мекен жайы айтылып, білім бар, психолог бар, әлеуметтік және денсаулық саласының қызметкерлері бар бірлесіп, сол баланың ата-анасымен жұмыс істесе 3 жасқа дейін асқындырып алмау керек. Барынша сол баланың қабілетін ашып беруіміз керек. Мақсат осы.