Петропавл ботаникалық бағында лимон мол өнім берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавл ботаникалық бағында лимон мол өнім берді

26.01.2022

Петропавл ботаникалық бағындағы лимон ағаштары мол өнім беруде. Бағбандар мұндай олжаға алғаш рет кенеліп отыр. Оранжереяда өсіп шыққан әр лимонның салмағы жарты келіден асады. Ал шамамен бір айдан соң теріскей жерінде өсіп шыққан банандар пісіп жетілмек. Әріптесім Эльмира Кәленова 100 жылдық тарихы бар ботаникалық баққа барып қайтты.

Ботаникалық бақта 12 лимон ағашы өсіп тұр. Оларды жазы қысқа, қысы ұзақ теріскейдің қатаң климатында өсіріп шығару үшін ерекше күтім қажет. Бағбандар ағаштарды аптасына бір рет суарады. Қыс мезгілінде де ғимараттағы температура +22 градус шамасында болуы шарт.
Артур Рязапов, Ботаникалық бақ директоры:
Лимонның ең үлкені 950 грамм тартты. Гибрид. Тұқымы Кубадан әкелінген. Мұндай сұрып жыл өткен сайын өнімді көп береді. Мына ағашқа 30 жылдан асты. Былтыр жазда гүлдеп, тамыз айында жеміс берді. Жазда гүлдегендіктен биыл өнім мол болды.
Ботаникалық бақта банан, ананас, анар, лимон, мандарин сынды тропикалық жемістердің сирек кездесетін түрлері бар.
Эльмира Кәленова, тілші:
Банан. Әлемдегі ең ірі шөптесін өсімдік. Ол бір жыл бойы гүлдеп тұрғаннан кейін ғана жеміс байлана бастайды. Ал мына банандар бір айдан кейін пісіп жетіліп жеуге жарамды болады.
Қазір ботаникалық бақта өсімдіктердің қысқы ұйқыдан оянған шағы. Бірі бүр жарса, екіншілері гүлдеуге жақын. Мұнда жеуге жарамды жемістермен қатар, сәндік үшін өсірілетіндері де бар.
Анна Ляшенко, бағбан:
Өткен жылғы жемісті егуге жинаймыз. Оны тұқым ретінде ғана пайдалануға болады. Жеуге жарамсыз. Алқызыл гүлдері әдемі болады. Келетін меймандарға ерекше ұнайды. Анарды үйде де өсіруге болады.
Петропавл ботаникалық бағы – еліміздегі ең көне оранжереялардың бірі. Ғасырдан астам тарихы бар нысанда сан алуан өсімдіктердің 2 мыңға жуық түрі жайқалып тұр.

Хабарламаларға жазылу