Балалардың тіс емдеуі жеке клиникаларда ақысыз жүргізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балалардың тіс емдеуі жеке клиникаларда ақысыз жүргізіледі

26.01.2022

Балалардың тісін тегін емдетудің мүмкіндігі кеңейді. Дәлірек айтсақ ақысыз емдейтін жеке емханалар саны артып келеді. Бұл әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жемісі. Қор мамандары қанша клиникамен келісімге келді, ақпаратты қайдан көруге болады? Раушан Сайлауқызы толығырақ.

Тісті тегін емдейтін жеке емханалардың бірі осы. Самиға Бітібайқызы Қоянды ауылынан келіп отыр. Екі баласының тістерін емдеу қажет. Елдімекенде маман тапшы. Ал ақылы қызметтің құны қымбат.

Самиға Бітібайқызы, Ақмола облысының тұрғыны:
Алдында қызымды алып кеп екі тісін емдеткем, енді ұлымды алып келдім. 4 тісі бірдей құртылып кетті. Қазір тіс емдеу қымбат. Бәріміздің қолымыз жете бермейді. Сондықтан осындай тегін емдеу мүмкіншілігін бергеніне рахмет айтамыз.

Көпбалалы ана Әлия Күлбаева үшін бес баланың тісін емдетіп, кезекке тұру қиямет қайым еді.

Әлия Күлбаева, қала тұрғыны:
Біз қорқынышпен келетінбіз. Қазір міне келгенде персонал қалай қарсы алады, дәрігер баламен қалай жұмыс істейді. Бұның барлығы үлкен тәжірибе. Көпбалалы ана ретінде тегін болғанына қатты қуандым.

Жеке емханалар да ақысыз қызмет көрсетуге жұмыла бастады. Тек елорданың өзінде былтыр 15 болса, биыл 27 стоматологиялық кабинет тісті тегін емдеуге ниетті. Қаражатты сіз үшін мемлекет төлейді. Тегін емдеу санатына 18 жасқа дейінгі балалар ғана емес, жүкті әйелдер, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар және көпбалалы аналар кіреді. Ол үшін төлқұжатыңыз болса жеткілікті. Мекенжай маңызды емес. Учаскелік клиникадан жолдама әкелудің де қажеті жоқ.

Мадина Нұрғазина, стоматологиялық емхана меңгерушісі: 
Ешқандай анықтамасыз келе береді. Бірақ электронды түрде өз клиникасында тіркеуде болу керек.

Елде тіс емдету проблемасы өзекті күйінде. Әсіресе, балалардың 82 пайызында тіс ауруы кездеседі. Ауруды асқындырмаған жөн дейді дәрігерлер.

Нұрлан Оңалбек, дәрігер-стоматолог:
Балалардың иммуниеті төмен. Екіншіден балалар дұрыс тамақтанбайды. Үшіншіден гигиенасы өте нашар. Ата-аналарға айтарым тазалығын дұрыс қадағалау керек.

Мемлекеттік бағдарлама осы проблемаларды реттеуді көздейді. Жылдан жылға тегін емдейтін орталықтар санын арттырмақ ниетте.

Ләззат Шоманова, «МӘМС қоры» КЕАҚ медициналық көмектің сапасын бақылау департаментінің директоры:
Былтыр 582  стоматололиялық ұйым болса көмек көрсеткен. Осы жылы ол сан 626-ға артып отыр.

Тегін емдеу қызметіне тістің рентген-суреті, анестезия, пломба салу, пульпит жалпы тіс ауруларының барлық түрі және тіс жұлу кіреді. Қандай ұйыммен келісім жасалды, қандай емханалар көмек көрсететін Медициналық сақтандыру қорының сайтынан көруге немесе учаскелік емханалардан білуге болады.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу