Бүгін Қазақстанның бірнеше өңірі жарықсыз қалды. Алматы, Шымкент, Талдықорған қалаларымен қатар Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында да электр қуаты өшкен. Қазақстанның энергетика министрлігінің хабарлауынша, мұндай жағдай көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанда да тіркелген.
Көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанда үш сағаттан аса уақыт жарық болмаған. Салдарынан Бішкек көшелерінде бағдаршамдар істемей, жол қозғалысын полиция қызметкерлері реттеген. Қазір осы мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары басталды.
Доскул Бекмурзаев, Қырғызстанның Энергетика министрі:Сағат 11-лер шамасында бүкіл Орта Азияның энергия жүйесінде ақау болды. Бүгін барлық энергиялық режимді қалпына келтіру үшін жұмыстар жасалып жатады. Қазір 50% астам жарандарымызды Қырғызстан бойынша электр энергиясы берілді.
Алматыда 92 мың тұтынушы екі сағаттай жарықсыз қалды. Соның салдарынан көлік кептелісі болып, электр қуатымен қатынайтын қоғамдық көліктердің жұмысы уақытша тоқтады.
Аманжол Базарбаев, троллейбус жүргізушісі:Мұндай жағдай бұрын соңды болмаған. Бұрын өшкен жағдайда да 15-20 минут қана тұратынбыз. Қазір енді Қазақстан бойынша жоқ деп жатыр. Басқа мемлекеттерде жоқ дейді. Бір сағаттай болды тұрғанымызға. Әлі белгісіз қай уақытта жүретініміз.
Электр энергиясыз қалған өңірдің қатарында Алматы облысы да бар. Аймақтың 70-80 пайызы жарықсыз қалды. Алайда тіршілікке қажетті маңызды нысандар электр қуатынан ажырамаған.
Манар Талғатұлы, «Жетісу Энерготрейд» ЖШС директорының орынбасары:Өңір бойынша 110 мегеватт общий потребления. Оның 78-90 пайыздың арасында тұтынушыларымыз электр энергиясыз отырды. Енді қазіргі уақытта режим толығымен орнатылды. Және бүкіл тұтынушылар светпен отыр десек болады. Электр энергиясымен толық жабдықтаулы.
Магистральді электр желісіндегі ақаудың салдарынан бүгін Шымкент қаласының жұртшылығы да 3 сағат жарықсыз отырды. Орталық жылу жүйесі де амалсыз жұмысын тоқтатты. Мегаполистегі стратегиялық нысандар бірнеше сағат бойына қуат өндіретін қозғалтқыштардың көмегімен қызметін жалғастырған. KEGOC компаниясының түсіндіруінше, Өзбекстанның энергия жүйесінде ақау шыққан.
Бақытхан Жазықбаев, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:Өзбекстанның Сырдария газ-электр станциясында болған авариялық жағдайдан кейін бірден төрт блогы жұмыстан шықты. Осыған байланысты Қазақстанның энергия жүйесіне 1000 мВ авариялық жүктеме болды.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, қазір жарықсыз қалған аймақтағы энергия торабы толық қалпына келтірілді. Яғни, электр желілік компаниялары шектеусіз жұмыс істеп тұр.
Қуан Нұрақын