Қазақстанның бірнеше өңірі электр қуанынан ажыратылғанын бұған дейін хабарлаған едік. Жарық өшкендіктен Алматыда бағдаршамдар істемей, көшелерде көлік кептелісі пайда болды. Электр қуатымен қатынайтын троллейбустар жол ортасында сағаттап тұрып қалған. KEGOC компаниясы өкілдерінің сөзінше, Өзбекстан мен Қырғызстанның энергия жүйесінде туындаған теңсіздіктің салдарынан қуат дұрыс бөлінбей, Қазақстанның оңтүстік өңірі жарықсыз қалған.
3 сағат электр жарығынсыз қалды
Магистральді электр желісіндегі ақау салдарынан Шымкенттің халқы да 3 сағатқа жуық уақыт жарықсыз қалды. Мекемелер мен кәсіпорындарда жұмыс тежелді. Орталықтандырылған жылу жүйесі де істен шығып, стратегиялық нысандар қуат өндіретін қозғалтқыштардың көмегімен қызметін жалғастыруға мәжбүр болды. Шаһарда сондай-ақ ұялы байланыс та істен шықты. Жергілікті жердегі жауаптылар бұл жәйттің нақты себебін айта алмай отыр. Шаһарға электр қуаты түс ауа сағат 15:30 шамасында берілді.