Батыс өңірлерді дамытудың кешенді жоспары бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс өңірлерді дамытудың кешенді жоспары бекітілді

25.01.2022

Еліміздің батысындағы 4 өңірді дамыту үшін 15 триллион теңгеден астам қыруар қаржы бөлінбек.

Бүгін Үкіметте Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарын дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. Оған сай атқарылатын жұмыс көп.

Мәселен Ақтөбе облысына алдағы төрт жылда 1,7 трлн теңге бөлінбек. Оған жол, зауыт салу секілді 92 жобаны іске асыру көзделген. Осы арқылы өнеркәсіп көлемі 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайып, қосымша 39 мыңнан астам жұмыс орыны ашылмақ.

Ал Батыс Қазақстанға 2 триллион 600 миллиард теңге бөлінеді. 116 жоба іске асады. Соның бірі 2 мың шақырымнан астам электр желісін жаңғырту. Бұл олардың тозуын 80 пайыздан 50 пайызға дейін төмендетеді. Сондай-ақ, 38 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны құрылады.

Атырау облысында 8 триллион 900 миллиард теңгеге 182 жобаны іске асыру көзделген. Мұнда да электр желілері жаңартылып, жиі болатын апаттар жойылмақ. Жоспардағы болжамға сай, 40 мыңнан астам жұмыс орыны ашылады.

Ал Маңғыстау облысында жалпы сомасы 2,1 трлн теңгеге 226 іс-шара іске асады. Су тұщытатын 9 зауыт пен қондырғыларды салу көзделіп отыр. Мұнда 55 мыңнан астам жұмыс орыны құрылмақ.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Құжаттарда негізінен бюджеттен тыс қаражаттарды тартуға басымдық беріліп отыр. Бұл құптарлық жәйт. Ең бастысы өңір халқы оң өзгерістерді барынша сезінулері тиіс. Болашаққа сеніммен қарап, жұмыс істеп, табыс тауып, өздерінің бизнестерін дамытып, жақсы емделіп, сапалы білім алуы тиіс.


Хабарламаларға жазылу