Елімізде карантин талаптары жеңілдетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде карантин талаптары жеңілдетілді

25.01.2022

Елімізде карантиндік талаптар жеңілдетілді. Енді эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан салтанатты кештер, еске алу, спорттық шаралар шектеусіз өткізіле береді. Әрі «Ашықта» мәртебесі «көк» азаматтарға да біраз жеңілдік жасалып отыр. Оны тікелей байланысқа шыққан тілшімізден сұрап білейік. Сонымен қандай шектеулер алынып отыр?  

Досжан Маратұлы, тілші: 

Алдымен эпидахуалға тоқталайын. Қазір «омикрон» өршіп тұр. Соңғы аптада індеттің таралуы 1,5 есе артқан. Ковидтің тәуліктік тіркелуі 16 000-нан асып, рекорд жаңарды. Десе де, карантиндік талаптар, керісінше, жеңілдетіліп, біраз шектеулер алынып отыр. Өйткені бұған дейін Президент бизнестің дамуына кедергі келтірмеу керегін айтқан еді. Сол үшін Ведомствоаралық комиссия карантин талатарын қайта қарап, мынадай жеңілдіктер жасап отыр.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі: 

«Жасыл» және «көк» мәртебесі бар келушілерді кіргізетін барлық аймақта, барлық объектілерде жұмыс уақыты бойынша шектеулер алып тасталады. Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан, «Ашықта» тек «жасыл» мәртебесін пайдалану кезінде салтанатты, еске алу, спорттық іс-шаралар, көрмелер, форумдар шектеулерсіз өткізіледі. Сондай-ақ, спорт кешендерінің, сауықтыру және діни орындардың, сауда-ойын сауық орталықтарының қызметіне шектеу қойылмайды. Әрі «Ашықта» мәртебесі «көк» азаматтарға бұдан былай қонақ үйлердің, әуежайлардың, темір жол, автовокзалдардың, халыққа қызмет көрсету орталықтарының есігі ашық. Ешқандай шектеусіз кіре береді.

Досжан Маратұлы, тілші: 

«Десе де, бизнес пен бұқара санитарлық талаптарды қатаң сақтануы тиіс»,- деді Премьер-министр. Індет өршіп, өлім-жітім артса, талаптар қайта күшейтілмек. Сондай-ақ, Әлихан Смайылов ревакциналау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.


Хабарламаларға жазылу