Атырау облысында дін саласындағы кадр тапшылығы өткір тұр. Қазір өңірге бас-аяғы 25-ке жуық маман керек. Жергілікті билік проблеманы шешу үшін, биыл 25 грант бөлмек. Бірақ, бұл салаға қызығушылық танытқандар некен-саяқ. Меншікті тілшіміз Жандос Темірғали мәселені зерделеп көрді.
Сұлтангелдінің «Шапағат» қоғамдық қорында теолог маман ретінде қызмет еткеніне 4 жылға жуықтады. Діни білімін Түркияда, кейін Ресейде жетілдірген. Бәсекеге қабілетті маманның негізгі миссиясы - жат ағымның жетегіне ерген адамдарды тура жолға салу. Ол – экстремизіммен күресте білімді кадрлардың ауадай қажет екенін айтады.
Сұлтангелді Серікұлы, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы:
Жат ағымға кеткен адамдармен кездесетін кезде, ең бірінші олардың айтатыны бізге түсіндіретін адам болған жоқ дейді. Бізге ескертетін, білдіретін, бұл жасап жатқан нәрсеміздің қате екендігін айтатын мұндай мамандар болған жоқ. Қазір осы теолог мамандар келу арқылы ненің ақ, ненің қара екендігін біліп жатырмыз деген көптеген адамдар бар.
Қазір облыста 36 мешіт бар. Онда 88 діни қызметкер жұмыс істейді. Тағы 10 ға жуық маманы керек. Жалақы, баспана секілді әлеуметтік түйткілдер – кадр тапшылығын түбегейлі шешуге кедергі болып тұр.
Алтынбек Ұтысханұлы, Атырау облысының бас имамы:
Ең бастысы – кез келген діни ахуалды шешетін ол кадр. Халықтың сауатын ашумен көбірек жұмыс жасайтын болсақ, діни радикалдық жат ағымға кеткендердің алдын алуға әбден болады.Имамдардың пәтері, ұстаздардың пәтері шешулі керек. Жалақы мәселесі шешілген болуы керек. Қазіргі таңда осы мәселе толыққанды шешілді деп айта алмаймыз. Сол үшін де сауатты, білімді, білікті мамандарды ауылға тарта алмаймыз.
Еліміздегі ағарту ордаларында атыраулық 60-қа жуық шәкірт діни білімін жетілдіріп жатыр. Өткен жылы 20 имам біліктілікті арттыру институтын тәмамдап келді. Қазір өңірде сауат ашып, Құран жатататын жалғыз ғана орталық бар. Онда 14 бала оқиды. Маман тапшылығын жою үшін - екі жылда 50 гранд бөлінді. Келер жылға тағы 25 грант қаралып отыр.
Хайролла Көшқалиев, облыстық дін істері басқармасының басшысы:
Сол 25-тің өзін азар деп толтырп жатырмыз. Көп ондай өтініш те жоқ, дін саласының маманы болам деген. Үгіт-насихатпен, имамдардың көмегімен грантты толтырып жатырмыз. Президентіміз айтқандай, бұл салада жұмысты әлі де дұрыстау керек деді, қатаң қадағалау керек деді. Мемлекеттік талап бойынша біз жұмыс жасаймыз.
Қазір облыста діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсететін жалғыз орталық бар. Онда 27 теолог жұмыс істейді. Келешекте олардың санын 35 –ке дейін көбейту көзделген. Білікті мамандардың арқасында өткен жылы жат ағымға шырмалған 227 адам тура жолға түсті. Енді жауаптылар, имамдарға әлеуметтік желі арқылы сапалы контент жасауды жүктеп отыр. Сол арқылы, насихат жұмыстарын күшейтпек.
Жандос Темірғали