Шымкент қаласында жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан зақым келген 17 кәсіпкерлік нысан қайта жұмысын бастады. Кәсіпкерлер бүлінген жерлерді өз қаражаттарына тез арада жөндеп, тіршіліктеріне кірісіп кеткен. Олардың дені - дәмхана мен сауда орталықтары.
Шаһардағы тәртіпсіздіктерден мына пицца әзірлеу орны 4 күн бойы жұмыссыз қалды. Бұзақылар түн ішінде ғимараттың есік-терезесін қиратып, ішінде елу шақты жігіт отырып тамақтанған. Қарындары тойған соң компьютерлік техника, азық-түлікті сыпырып алып кеткен. Кәсіпкер қалада тәртіп орнасымен бірден өз қаржысына қираған жерлерді жөндеп, кәсіптеріне қайта кірісті.
Мерген Тапиев, кәсіпкер:Барлығы жұмыста. Аман-есен. Сол сағат 10-нан кешкі сағат 9 ға дейін жұмыс істеп жатырмыз. Шығынның бәрін өз ақшамызға сатып алдық.
Жаппай тәртіпсіздік кезінде жалпы 24 кәсіпкерлік нысанына шабуыл жасалды. Оның қазір 17-і қайта қалпына келтіріліп, жұмысын жалғастыруда. Ал зақым келген мемлекеттік мекемелерді жөндеу ісі енді басталмақ. Оның ішінде драма театры, Түркістан сарайы мен көрме орталығы секілді мәдениет ошақтары да бар.
Ханзада Есенова, Шымкент қаласы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы:Эксперттердің санағы бойынша 4 миллиардқа жуық зиян келтіріліп отыр. Оның ішінде ғимараттың іші ғана емес ішіндегі жабдықтары да бүлінген.
Қала әкімінің өкімімен құрылған арнайы комиссия төтенше жағдай кезіндегі шығындарды әлі де нақтылау үстінде. Оларды қалпына келтіру, өтемақы беру тетіктері қарастырылуда.
Қоғамдық тәртіпті бақылау мақсатында көше бойларына қойылған камералар да жөнделіп іске қосылуда. Сынып, бүлінген 200 қондырғының жартысынан астамы жүйеге қайта қосылды. Жалпы жаппай тәртіпсіздіктен шаһарға 7,2 миллиард теңге шығын келген.