2-дүниежүзілік соғыста майдан даласында опат болған және хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық 500 жауынгердің жатқан жері анықталды.
Чех ғалымдары жасаған тізім бойынша Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Анатолий Плешаков осы майдангерлердің туған-туыстарын іздестіруде. Тарихшы қолда бар мәліметтерді баспасөз беттеріне жарияламақ. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстаннан соғысқа 1 200 000-нан астам адам аттанған болатын. 600 000 отандасымыз елге оралмады. Олардың 125 000-ы хабар-ошарсыз кетті.
Анатолий Плешаков, Kozybayev University профессоры:
Тізімде Чехия, Словакияда қайтыс болған азаматтардың есімдері қамтылған. Кезінде хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің туыстары аталарының қайда жерленгенін білуі керек. Тізімді біраз зерттедім. Көбі 18-20 және 40-45 жас аралығында, соғыс аяқталар жылдың сәуір, мамыр айларында оққа ұшқан. Олардың майданға Қазақстанның қай өңірінен аттанғаны, қайда қайтыс болғаны, жерленген орны жайында барлық ақпарат жинақталған.
Эльмира Кәленова