Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде 400-ден астам көлік өртенген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде 400-ден астам көлік өртенген

20.01.2022

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде 400-ден астам көлікке зақым келген. Оның көбісі өртеніп кеткен. Шығыны 2 млрд теңгеге жуықтайды. Шаһардағы құтқару қызметі мамандарының айтуынша, әлі де қаладан зақымданған автокөліктер табылып жатыр. Жергілікті әкімдік тұрғындарға көмектесеміз деп отыр, ал сақтандыру компаниялары ше? Тілшіміз анықтап көрді.  

Нұрсұлтан Тілектесов, тілші: 

Міне, мына көліктерге Алматыда орын алған тәртіпсіздік кезінде оқ атылған, өртенген. Көріп тұрғандарыңыздай, олардың басым бөлігі жанып кеткен. Жалпы осы автотұрақта бұзақылар залал келтірген 143 көлік тұр. Мамандардың айтуынша, олардың тек 10% ғана жарамды екен.

Айыптұрағынан көлігін іздеп келгендердің бірі – Айбек Шерманов. Айтуынша, 6 қаңтар күні дүкенге кірмекші болып, темір тұлпарын бірнеше минутқа қалдырып кеткен. Сол сәтте басбұзарлар машинаны айдап кетіпті. Содан шарқ ұра іздегенмен, нәтиже болмаған. Сынған көлігін жаңалық қарап отырып, теледидардан көріп қалған.   

Айбек Шерманов, қала тұрғыны:

Машинаны аша алмаған соң рөлін сындырған. Ішіндегі магнитоласы жоқ. Өзім таң қалып тұрмын мына машинаны көріп. Видеодан қарағанда аса залал келмеген сияқты көрінген. Сондықтан ойладық айып тұрағының ақысын төлеп, үйге айдап кетеміз деп.

Көліктің бүкіл құжаты да қолды болған. Сондықтан Айбекті шығынды қайтару мәселесі де алаңдатып отыр. Ал Құтқару қызметі мамандарының сөзінше, алып шаһардан әлі күнге дейін өртенген, қираған көліктер табылып жатыр.

Бейсеғали Жүнісов, Қалалық құтқару қызметінің бастығы: 

Бүгінге дейін өртенген, оқ атылған көліктер шығып жатыр. Көбінесе аулалардан табылып жатыр. Бүгін үш көлік әкелдік. Қанша болатыны белгісіз. Көбісі өртеніп кеткен, жарамсыз деп санаймын.

Алматыдағы тәртіпсіздік салдарынан Полиция департаментінің 160-тан астам көлігі де зақымданған. Олардың 40 процентін қайта қалыпқа келтіру мүмкін емес.  

Ал көліктері сақтандырылған жүргізушілерге өтемақы қалай төленетінін білу үшін бірнеше ірі компанияға хабарластық. Дегенмен олар шығынды қайтару механизмі әзірленіп жатқанын, әзірге ақпарат бере алмайтынын жеткізді.


Хабарламаларға жазылу