Ақпарат министрлігі қоғамдық ұйымдармен журналистердің құқығын қорғау мәселесін талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақпарат министрлігі қоғамдық ұйымдармен журналистердің құқығын қорғау мәселесін талқылады

20.01.2022
Ақпарат министрлігі қоғамдық ұйымдармен журналистердің құқығын қорғау мәселесін талқылады

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басшылығы үкіметтік емес ұйымдардың («Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы» ҚБ, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қоры» ҚҚ, «Солтүстік Қазақстан Құқықтық медиа-орталығы» ҚҚ, «Internews Network» Қазақстандағы өкілдігі және т.б.) өкілдерімен онлайн-форматта кездесу өткізді.

Іс-шарада биыл қаңтар айында Қазақстан болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұсталған журналистердің құқығын қорғау және іске асыру мәселелері талқыланды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев өз сөзінде министрлік наразылықтар басталғаннан журналистердің құқықтарын сақтау және қорғау бойынша ішкі істер органдарымен өзара тығыз іс-қимыл атқарылғанын атап өтті.

Мына БАҚ өкілдеріне әкімшілік қамауға алу мерзімі мен айыппұл мөлшерін азайтылды: «Шығыс Ақпарат» ЖШС тілшісі Дарын Нұрсапаров, «Көкше-Азия» ақпараттық агенттігінің шеф-редакторы Нұржан Баймолдин, «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедьяров, «Жемқорлық және заң газеті» газетінің бас редакторы Қаламқас Ботабекова. Сондай-ақ, қамауға алынған өзге де журналистер істің ақ-қарасы анықталған соң босатылды.

ҮЕҰ өкілдері тарапынан журналистердің құқықтық мәртебесін арттыруды бекіту, сондай-ақ митингілер кезінде БАҚ өкілдерімен қалай өзара іс-қимыл жасау бойынша құқық қорғау органдарының қызметкерлерін оқыту ұсыныстары айтылды.

Сонымен қатар, министрлік журналистер мен БАҚ өкілдерінің қызметі ҚР заңнамасы, сондай-ақ бейбіт жиналыстарға қатысатын журналистің (БАҚ өкілінің) қызмет қағидалары және журналистердің құқықтары бұзылған жағдайда олардың құқығын қорғау регламенті шеңберінде жүзеге асырылатынын еске салады.

Кез келген журналист құқығы бұзылған жағдайда министрлік көмегіне жүгіне алады.


Хабарламаларға жазылу