Таразда зардап шеккендерге көмек көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда зардап шеккендерге көмек көрсетіледі

19.01.2022

Тараздағы қақтығыс кезінде 200-ден аса құқық қорғау қызметкерлері жараланды. Кейбірі ауруханадан отбасына оралса, кейбірі әлі ауыр хәлде жатыр. Қазір оларға мемлекет тарапынан көмек қарастырылуда. Сондай-ақ, аймақтағы зардап шеккен кәсіпкерлер де, мемлекеттік қолдаудан кем қалмайды.

Тәртіпсіздік соңы террорлық шабуылға ұласқанда дәл осы көлікке 14 оқ тиген. Ішінде полицияның 3 қызметкері болған.

Қаскөйлер оқ жаудырғанда полиция инспекторлары көліктен түсіп те үлгермеген. Оқыстан болған шабуылдан үшеуіне де оқ тиген. Өкініштісі, артында отырған полиция капитаны Рахат Сламбеков алған жарақатынан ауруханаға жеткенде жан тапсырған.
Олжас Төлегенов,  Тараз қаласы ПБ инспекторы:
Біз көлік ішінен шыққан жоқпыз, үлгермедік. Сол сәтте, бізге қарай оқ жаудырды. Орталық алаңнан сәл арырақ 1-2 шақырым өткеннен кейін, амандықтарын сұрайын деп сұрай бастадым. Нұрсұлтан айтты, арқама оқ тиді деді. Арқам ауырып жатыр деп. Артыма қарасам, Рахат көліктің артында отырған. Ес-түзсіз жатыр екен.
Ал, арқасынан жараланған Нұрсұлтан ауыр хәлде ауруханада жатыр. Олжастың анасы жалғыз ұлы оқ пен оттың ортасында жүргенде баламның амандығы мен елдің тыныштығын тілеп ұйқысыз таң атырдым, дейді.
Шұға Шымырбекова, анасы:
Жанындағы Рахат кетіп қалды. Баламыздың тірі қалғанына шүкір. 
Дүрмекке ілескендер тәртіп бұзып қана қоймай кәсіпкерлік нысандарды талқандап, ұрлыққа түсті. Оның ішінде тұрмыстық техника сататын ірі сауда желісі де бар. Есік терезесін бұзып кірген 4 бұзақы дүкеннен 50 миллион теңгенің техникасы мен ұялы телефондарды қолды қылған. Олардың әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр дейді, сауда орнының басшысы.
Дмитрий Пак, дүкен директоры:
Біз жағдай ушыға түскенде қызметкерлерді үйіне қайтарып, дүкенді жауып тастадық. Бірақ сол күні түнде ұрылар дүкен есігін бұзып кіріп, техникаларды тонап кетті. Шығын көлемін есептеп, кәсіпкерлік палатасына өтініш жаздық. Қолдау болады деген үміт бар.
Облыс бойынша зардап шеккен кәсіпкерлердің саны 34-ке жетті. Олар «Атамекен» палатасының филиалына өтініш қалдырған. Кәсіпкерлер құжаттан бөлек, видео және фото дәйектерді ұсынуы қажет. Сонда ғана тізімге қабылданады.
Нұралы Ергебаев, Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
Бүгінгі таңда кәсіпкерлер палатасы, зардап шеккен кәсіпкерлердің мүліктері бойынша тізімін дайындап Астана бойынша ҰКП-на жолдап жатыр.

Өңірдегі жаппай тәртіпсіздіктен Жамбыл облысында 200-ден астам құқық қорғау қызметкері жарақат алды. Ал, қаза болған екі құқық қорғау қызметкері мемлекеттік наградаға ұсынылды. Ел тыныштығын күзетуде ерлікпен жанын қиған Рахат Сламбек те 2 дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Мемлекеттік марапатты аймақ басшысы батыр полицейдің отбасына табыстады.

Хабарламаларға жазылу