Бүлік кезінде Ұлттық ұлан әскерінің 400 жауынгері жарақат алған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүлік кезінде Ұлттық ұлан әскерінің 400 жауынгері жарақат алған

18.01.2022

Төтенше жағдай кезінде Ұлттық ұланның «Оңтүстік өңірлік» қолбасшылығы бойынша 400-ге жуық жауынгер зардап шеккен. Олардың 200-ден астамы Алматыдағы қоғамдық тәртіпті қадағалау кезінде жарақаттанған. Қазір сарбаздардың біразы әлі де әскери лазаретте жатыр.

Ұлттық ұланның 7552 әскери лазаретінде 10-ға жуық жауынгер ем қабылдап жатыр. Солардың бірі - Арнұр Заруханов. Қаңтардағы қанды қырғын жанына жара салған жас сарбаз. Сол күні алаңдағы адамның көптігіне қарамастан, ұлттық ұланның бірде-бір жауынгері кері шегінген жоқ дейді ол.

Арнұр Заруханов, ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшісі:
5-не Төле би Байтұрсынов көшесінде тәртіп бұзушылар көп болды. Адам саны көбейе берді. Қорғандық. Тас тиіп, жарақат алып қалдым. Ары қарай есімді білмеймін.

Ауыр соққыдан естен танып, оқ тиіп жараланған жауынгерлерге алаңдағы өзі секілді қарулас достары көмектескен.

 Нұрсұлтан Шінәліұлы, ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшісі:
Әскер өмір мектебі дейді. Әскерге келгеніме өкінбеймін. Қарулас достар тапқаныма. Батырсыңдар деп жатыр. Рахмет еліме, халқыма!

Жауынгерлерді оқ пен оттың ортасынан алып шыққан дәрігерлер де бүгінгінің батыры. Тәртіп бұзушылық кезінде әскерилерге ғана емес, медицина қызметкерлеріне де шабуыл жасалды. Соған қарамастан, қаншама сарбазды ажалдан арашалап қалды.

Марат Айтпаев, ҚР Ұлттық ұланы 7552 әскери лазаретінің дәрігері:
Ашық жарақаттар болды. Аяқ-қолы сыну белгілері болды.  Қазір жағдайлары жақсы. Қанағаттанарлық. Көңіл-күйлері дұрыс.

Бүгін жарақат алған жас сарбаздарға арнайы жасақ ардагерлері күрең жолақты жейде тарту етті. Тәртіп бойынша мұндай жейделер «Күрең берет» кию құқығы бар арнайы сынақтан өткен әскери қызметкерлерге ғана беріледі. Бүлікшілерге қайсарлықпен қарсы тұрған ұлттық ұланның әрбір жауынгері мұндай құрметке лайық дейді ардагерлер.

Айнұр Мәулен


Хабарламаларға жазылу