Жауапсыз сатушылар мен алып-сатарларға бағаны негізсіз көтеру есебінен пайда табуға жол бермеуіміз қажет - Әлихан Смайылов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жауапсыз сатушылар мен алып-сатарларға бағаны негізсіз көтеру есебінен пайда табуға жол бермеуіміз қажет - Әлихан Смайылов

18.01.2022

2025 жылға қарай еліміздегі инфляция деңгейі 3-4 пайыз деңгейінде болуы шарт. Мемлекет басшысы жуырда өткен Мәжіліс отырысында Үкіметтің алдына осындай міндет қойған. Бүгін Ұлттық экономика министрі бұл межеге жетудің жоспарын жариялады. Ең әуелі биыл қымбатшылықты болдырмау үшін көктемгі егіс жұмыстарына қаржыландыру ұлғайтылып, субсидиялау жұмысы жетілдірілмек. Екіншіден көмір мен коммуналдық қызметтердің бағасын реттеу жоспарланып отыр. Үшіншіден монополияға қарсы күрес күшейіп, мұнай өнімдері нарығындағы делдалдар қысқартылмақ. Былтыр қыркүйек айында ресми инфляция деңгейі 8,9 пайызға дейін жеткен. Желтоқсанда 8,4 пайыз болды. Премьер-Министр Әлихан Смайылов бұл көрсеткіштің әлі де жоғары екенін айтып, шұғыл шараларды күшейтуді тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі: 
Бәсекелестікті қорғау агенттігі, монополияға қарсы шара қолдану және делдалдық шараларды тексеру бойынша жұмысты күшейту керек. Біз жауапсыз сатушылар мен алып-сатарларға бағаны негізсіз көтеру есебінен пайда табуға жол бермеуіміз қажет.

Ал әлеуметтік маңызды азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін елде қажетті қор жасақталған. Ол кемі 5 айға жеткілікті. Бұл нарықтағы тапшылықты болдырмауға кепілдік береді. Ал сауда үстемесіне қатысты бақылау тіпті күшейе түспек.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер- Министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі: 
Бүгінгі таңда Сауда және интеграция министрлігі Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті мәндер мен шекті рұқсат етілген бағаларды енгізу әдістемесін бекітті. Жаңа әдістеме инфляцияның белгіленген дәлізінде сөрелердегі баға өсімін шектеуге мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанына шекті мәндер бекітілген.


Хабарламаларға жазылу