Төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткен қызметкерлерге 150 мың теңгеден сыйақы беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткен қызметкерлерге 150 мың теңгеден сыйақы беріледі

18.01.2022

Үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі жобаны бекітті. Осы жоспар арқылы басты проблемаларды шешу қолға алынбақ. Нақты қандай шаралар жүзеге асады? Тілшіміз баяндайды.

Жоба қысқа уақытта әзірленді. Мақсат - қоғамда қордаланған түйткілдерді тарқату. Бастысы - қауіпсіздік. Үкімет жаңа жоспар аясында 51 іс-шараны ұсынып отыр. Қатарында – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру, әлеуметтік мәселелер, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, халық пен кәсіпкерлікті қолдау әрі ұйымдастыру-қаржы проблемалары бар.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Қабылданған шараларды жүзеге асыру нәтижесінде тауарлар дефицитін болдырмай отырып, инфляцияны мақсатты дәрежеде күтілуде. Қабылданып жатқан шаралар бағаны біртіндеп тұрақтандыруға халықтың жағдайын және бизнес ахуалды оның ішінде инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал ететін болады.

Негізгі жүк – ішкі істер министрлігіне артылып отыр. Бекітілген жоспардың басты 3 бағытына жауапты осы құрылым. Әскери даярлықты қамту әлеуетін арттыруы тиіс. Әскерилердің моральдық рухын көтеру бойынша тиімді шаралар тағы бар. Ал төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткен қызметкерлерге 150 мың теңгеден сыйақы беріледі.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
Қызметтік міндетін атқару барысында қайтыс болған қызметкерлдердің отбасына 5 жылдық қызметтік қаржы және жерлеу үшін 3 айлық өтемақы төленеді. Сондай-ақ, ІІМ 5 шара бойынша қосымша орындаушы болып табылады. Бәрі бақылауда. Қазіргі уақытта ІІМ ерекше режимде қызмет атқаруда. Аса маңызды мекемелер күшейтілді.

Әлеуметтік мәселелер бойынша 10 іс-шара іске асады. Нақтырақ айтсақ, жарақат алған орган қызметкерлеріне өтемақы төленеді. Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көмек көрсетіледі. Бизнес пен халыққа борыш жүктемесін азайту шаралары қолға алынады. Мұқтаж азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тәртібі мен тетігі енгізіледі.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Атамекен палатасымен бірге халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеп, қабылдау жоспарланып отыр. Біз үшін ең басты мақсат – ол халықтың табысын арттыру. Кез келген жоспар, кез келген бағдарлама ол бірінші кезекте халықтың табысын арттыруға бағытталуы тиіс.

Бағаның негізсіз өсуіне де жол бермеу үшін бақылау күшейеді. Осыған дейін басталған салықтық және кедендік тексерулер 1 ақпанға дейін тоқтатылды. Үкімет алдында қазір әлеуметтік-экономикалық ахуалды тез арада тұрақтандыру міндеті тұр.


Хабарламаларға жазылу