Коронавирустың «Омикрон» штамы бүкіл өңірге таралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирустың «Омикрон» штамы бүкіл өңірге таралды

18.01.2022

Елде «Омикрон» штамы күш алып келеді. Коронавирустың жаңа түрі бүкіл өңірге таралды. Сол себептен де тәуліктік көрсеткіш күрт өсіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Аурудың жаңа түрімен елде күрес қалай жүреді? Асима Нұрбайқызының материалында.

«Омикрон» елдегі эпидахуалды ушықтырып жіберді. Соңғы айда коронавирус 20 есе өсіп, Түркістаннан басқа өңірлердің бәрі «қызыл аймаққа» өтті. Әсіресе, екі мегаполис - Нұр-Сұлтан мен Алматы және Қарағанды облысында сырқаттану деңгейі күрт өсті. Коронавирусқа шалдыққандардың 60 пайыздан астамы осы үш аймақта. Бірақ, жаңа штам көп жағдайда жеңіл және симпомсыз өтеді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Қысқа 2 күндік жұғу кезеңімен сипатталады. Аурудың еселеп көбеюі де содан. Аурудың алғашқы белгілері - тұмау мен жедел респираторлық аурулардағы сияқты «суық тию» көрінісі, яғни қызу, әлсіздік, бас ауруы, жөтел.

Көрсеткіш көбейгенімен, өлім-жітім аз. 2,3 есе төмендеді. Ауырғандардың дені, яғни 80 пайызы амбулаторлы ем қабылдап жатыр. Ал науқастарды үйде емдегені үшін дәрігерлерге 3 жалақы көлемінде қосымша үстемақы төленеді. Бірақ, дерт дендегенмен, елде ревакцинациялау баяу. Екпенің қосымша дозасымен халықты қамту 30 пайызға да жеткен жоқ. Премьер-Министр бұған жұмысына салғырт қараған әкімдерді кінәлады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Елордада, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Түркістан, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында ревакциналау қарқыны жақсарған жоқ. Демек, бұл мәселеге әкімдер дұрыс қарамай отыр. Сондықтан аталған өңірлер бұл жұмысты тездету керек.

Ал дәрі-дәрмектер елде жеткілікті. Препараттардың 38 түрі бойынша 2 айлық қор бар. Ол 60 мың науқасқа жетеді. Вакцинадан да тапшылық болмайды деп сендіріп отыр Денсаулық сақтау министрі. Жақында QazVac, Синофарм және Pfizer өнімдерін қосымша сатып алмақ.


Хабарламаларға жазылу