Ақмола облысында коронавирус инфекциясына шалдыққандар бір аптада 14 есе артты. Өңірде 10 қаңтарда 27 науқас тіркелсе, кеше 378 адамның індет жұқтырғаны анықталды. Осыған байланысты алдағы уақытта медицина мекемелерінде инфекциялық төсек-орын саны ұлғайтылмақ. Қазір 16 стационарда 870 орын бар. Олар 50 пайызға толған. Барлығы 432 науқас ем қабылдап жатыр. Оның 30-ы жан-сақтау бөлімінде, жағдайлары ауыр. Аймақта 337 000 астам адам екпе алған. Бұл – вакцина салдыруы керек тұрғындардың 70 пайызы.
Нариман Сыздықов, Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Қызметкерлердің барлығы вакцина алған. Мекемелер ұжымында ауру жұқтырғандар анықталса да, карантинге жабылмайды. Бұл жұмыс барысы бұзылмайды деген сөз. Сондықтан екпе алуға ерекше мән беру қажет. Вакцинаның үшінші бөлігін салу жүріп жатыр. Ал бізде әлі де мүлдем екпе қабылдамағандар бар.
Түркістан облысында 80 мектепте сабақ онлайн форматқа ауыстырылды
Түркістан облысындағы мыңға жуық мектептің 80-і онлайн форматқа көшеді. Оның өзінде бастауыш сыныптарда кезекші топтар ашылып, кейбір балалардың мектепте білім алуына жағдай жасалмақ. Өңірде жыл басынан бері 71 оқушы індетке шалдықса, 10 мұғалім коронавирусқа байланысты оқшауланған. Үш сынып 14 күндік карантинге жабылып, науқастармен қарым-қатынаста болған 70 оқушы үйлерінде ем қабылдауда.
Ардақ Садықова, Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
Штаттық режимде жұмыс істеп жатқан мектептерде ауырған балалар орын алса СЭС-тің талабы бойынша карантин режимі жарияланады. Онлайн режиміне өткен мектептерде вакцина алған балалар болса екі компонентін де алған, олардың мектепке келіп оқуына рұқсат берілген. Бірақ ол сол мектептің әкімшілігімен іске асырылады.
Ермек Елберген