Жамбыл облысында коронавируспен ауырғандар саны 7 есеге өскен. Бұл өткен аймен салыстырғандағы көрсеткіш. Аймақта соңғы тәулікте 257 адам індет жұқтырғандығы анықталды. Ал жыл басынан бері 379 оқушы коронавируспен ауырған. Оның ішінде ұстаздар да бар. Жалпы облыста вакцинаның алғашқы компанентін 633 372 адам салдырса, 567 070 адамға екінші компаненті егілген.
Бұдан бөлек, 29 119 жасөспірім, 1 942 жүкті және 3 283 бала емізетін әйел екпе алған. Облыстағы ахуал бойынша бас санитарлық дәрігердің қаулысы шықты. Онда 600-ден асатын оқушысы бар мектептер онлайн түрде оқитын болды. Сондай-ақ, жоғары оқу орындар мен колледждерде дәрістер қашықтан, тек зертханалық жұмыстар кезінде ғана студенттер штаттық режимде білім алады.
Сонымен қатар «Ashyq» жобасы бар орындарда өтетін іс-шаралаға қатысатын адам саны 30-дан аспау керек. Тамақтану орындарында 4 адамға дейін және спорттық-сауықтыру орталықтарына тек «жасыл» мәртебесі бар адам ғана кіре алады. Ал, мемлекеттік ұйымдардың, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындардағы әкімшлік қызметкерлерінің 70 пайызының жұмыс кестесін онлайн форматқа көшіру туралы шектеулер қойылды.