Қазақстандағы оқиғаларға шетел сарапшылары пікір білдіріп жатыр. Олардың кейбірі әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылар қауымдастығын, елімізде болған оқиғаларға объективті қарауға үндеді. Енді бірі Қазақстан билігінің дағдарысты еңсерудегі іс-әрекеттеріне, әлеуметтік-экономикалық реформаларына қолдау білдіріп жатыр. Тақырыпты халықаралық шолушымыз жалғастырады.
Солардың бірі - Ұлыбританияның мемлекеттік министрі - Лорд Уимболдон Тарик Ахмад. «Қазақстанмен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отыр. Жақында болған қайғылы оқиға демократия мен адам құқықтарын қорғауды нығайтудың маңызды екенін көрсетті. Қазақстанмен тығыз мәдени және экономикалық байланысы бар ел ретінде біз экономикалық және саяси реформаларды қолдаймыз». - делінген министрдің Твиттердегі парақшасында.
Ал Норвегияның «Біздің жер» газетінде осы елдің Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының бұрынғы елшісі Метте Конгсхемнің еліміздегі болған оқиғаға қатысты мақаласы жарық көрді. Саясаткер жаһандық бұқаралық ақпарат құралдарын Қазақстандағы жағдайға қатысты әділ және объективті болуға шақырды. Дипломат мақалада: «Халықаралық қауымдастықтың қолдауымен Қазақстан бетпе-бет келіп отырған қиындықтарды жеңетініне сенемін. Бұл мақсатқа конструктивті диалог арқылы қол жеткізген дұрыс», - деп атап өтті.
Еуропа парламенті төрағасының бұрынғы орынбасары Алехо Видаль-Квадрас Vozpopuli басылымына Қазақстандағы ахуалға қатысты сұхбат берді. Саясаткер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың уақтылы батыл шешімінің арқасында Қазақстанда тыныштық пен бейбітшілік қайта орнағанын баса айтқан. Алехо-Видаль Квадрастың сөзіне тоқтала кетейік: «Қазақстанның ҰҚШҰ-ға мүше елдердің көмегіне жүгінгенін қолдаймын. Себебі бұл ұйым миссияларының бірі - бейбітшілікті сақтау және терроризммен күрес. Көрші мемлекеттердің көмегінсіз күллі аймақта тұрақсыздық белең алуы мүмкін еді».
Ал Қытайдың белгілі жазушысы Ақбар Мәжит: «Президент Тоқаев қалыптасқан жағдайды тез шешу үшін батыл және жігерлі қадамға барды. Бұл оның мемлекет қайраткері ретінде қиын сәтте кез-келген міндетті шешуге дайын екенін көрсетеді. Ол ел мен халық алдында үлкен жауапкершілік алды.
Қазақстанның тұрақтылығына нұқсан келтіретін және қауіпсіздігіне қатер төндіретін, Қазақстан халқының бейбіт өмірін бұзатын кез-келген күштерге, Қазақстанда әдейі тәртіпсіздіктерді, «Түрлі-түсті төңкерістерді» туындататын кез келген күштерге және Қытай-Қазақстан қатынастарына нұқсан келтіретін кез келген күштерге қарсылық білдіреміз және айыптаймыз», - деп мәлімдеді.
Арай Төлегенқызы