Алматыдағы ахуал: Шаһардың бүгінгі тіршілігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы ахуал: Шаһардың бүгінгі тіршілігі

16.01.2022

Индустрия министрлігінің мәліметінше 8 аймақта 53 мемлекеттік нысан бүлінген. Жалпы 204 нысан қираған. Оның 166-ы Алматыда. Президент Алматыға барды. Алматыдан Амангелді Сейітханның материалы. 

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Алматыдағы атыстың болғанына 10 күннен асты. Ал, жағдайдың тұрақталғанына 5 күндей болды. Қазір аймақта тыныштық, қала бұрынғы қалыпты өмірге қайтып келеді.

Ахуал тұрақталса да, атыс-шабыстың салдары мен зардабын жою ұзаққа созылатындай. Кәсіпкерлер бұзылған мүлкін өз мүмкіндігінше қалпына келтіруге кіріскен. Қираған кеңселерін бірі ағашпен қаптаса, бірі жәшікпен бітеп жатыр.

Қалада бірнеше супремаркет пен тұрмыстық техника сататын 12 сауда орталығының астаң-кестеңі шыққан. Біреуінің бағасы 1 миллионға жете-қабыл мыңдаған телефон ұрланып, қымбат ноутбуктер қоймасы өртелген.

Мақсат Төреқұлов, сауда орталығының қызметкері:

Көріп тұрғаныңыздай, жағдай осы. Естігеннен кейін өз күшімізбен қорғаймыз деп ойлап келген едік, бірақ, қарулы топқа төтеп бере алмадық.

Киім-кешек сатушылар да тығырыққа тірелді. «Мерей» сауда үйі мен «Көк базардың» маңындағы көшелер қазір жайма базарға айналған. Камерадан қашқан сатушылар орталық жөнделгенше, осылай жүруге мәжбүрміз дейді. Ал, қала әкімі зардап шеккен кәсіпкерлердің шығыны толық өтелетінін айтқан. Бірақ, ол үшін Үкімет дайындап жатқан жұмыс механизмін күту керек. Ал, заңгерлер ұрланған мүлікті сатып алған адам да жауапқа тартылады, дейді.

Гүлмира Сабазбекова, заңгер:

Тоналған заттарды сатып алу да, сыйға алу да – қылмыс. Қылмыстық кодекс бабы бойынша 3 жылға дейін бас бостандығыңыздан айырылуыңыз мүмкін.

Өрттен кейін сау-тамтығы қалмаған әкімдік ғимараты тазартыла бастады. Қауіпсіздік үшін онда 5 күн бойы ешкім кіргізілмеген. Осы аптада журналистерге рұқсат берілді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Ғимараттың ішінен әлі түтіннің иісі шығады. Шаңнан да демалу қиын. Ал, бұл үлкен Мәжіліс залы. Осы жерде маңызды жиындар өтіп, құжаттар қабылданатын. Қазір тас-талқан. Күл болып жатыр. Орындықтардың темір қаңқасы ғана қалған.

Әкімдікте өрт тимеген бір бөлме жоқ. Ең жоғарғы қабаттағы Бақытжан Сағынтаевтың кабинетінің де түгі қалмаған. Шашылған заттар арасынан ара мен каска, көзілдірік қорабы байқалады. Нысанды тазартуға 22 мердігер компания тегін көмекке келіпті. Бірақ, қалпына келтіруге қанша уақыт керегі нақты белгісізі. Болжам бойынша 5-6 ай.

Сапар Нұрашев, Алматы қаласы Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы:

Сараптаушы компаниялар кіріп техникалық тексеріс жасайды. Оны біз 10 күн деп жоспарлап отырмыз.

Жөндеуге қажетті қаржы көлемі де енді есептеледі. Қазір қала әкімі уақытша Алмалы ауданының әкімдігіне көшкен. Айта кететіні, 30 жыл бұрын қалалық әкімдік осы ғимаратта болған еді. Ал, тәртіпсіздік кезінде тоналған, өртелген Ұлттық арнаның ғимаратын жөндеу жақын арада шешілмек.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:

Үлкен тарихы бар ғимарат. Тарихымыз осы жерден басталады. Ары қарай дамытуымыз керек. Жай жөндеу болса 3-4 ай, күрделі жөндеу болса 7 ай керек.

Осылайша, мемлекеттік маңызды нысандарды жөндеу қолға алынды. Ал, жеке тұлғаларды өртенген көліктерінің мәселесі алаңдатады. Көшені тазалау қызметі жарамсыз 140 көлікті айып тұрағына жеткізіпті. Мұнда көлігін іздеп келушілер көп. Бірақ, тергеу аяқталғанша олар иелеріне берілмейді. Яғни, құнын қайтару қиынға соғатындай.

Бейсеғали Жүнісов, қалалық Құтқару қызметінің бастығы:

Мұның ішінде жеке де, мемлекеттік көлік те бар. Ол көліктер не істейді енді? Оны прокуратура айналысып жатыр, қолтаңба алды. Қазір шығынның бәрін төлейміз деп айтып жатыр.

Ал, қалада қоғамдық көліктер бұрынғыдай жүре бастады. Метро ертең ашылады. Бұл ахуалдың жақсарғанын аңғартса керек. Тіпті, көпшілік қызу талқылаған бұқаның мүсіні де қазір өз орнында тұр. Бір қызығы, оны біз ойлағандай ешкім Әл-Фараби даңғылынан Төле би көшесіне дейін сүйреп келмеген. Бірнеше күннен бері осы аймақта тұрған екен.

Абылай Нұрмаханов, қала тұрғыны:

Бұл бұқа 25-ші желтоқсаннан кейін тұрған. Жаңа жылдан алдын той болған осында, сонда бір кісіге сыйлаған деп естігенбіз. Шамасымен 20 адам осында келіп, бұқаны мына жолмен тартқан. Жаяу жүргінші жолына қойып қойды, жолдың ортасына. Тіпті іздері де тұр ғой.

Қиылыстағы кафенің алдында тұрған мүсінді бұзақылар не үшін жолға шығарғаны түсініксіз. Мүмкін, жолды жаппақ болған. Өйткені, олар 500-ге жуық бейнекамераны сындырыпты. Себебі, «сергектер» жол ережесін бұзғанды ғана бақыламайды, басқа да құқықбұзушылықтарды ашуға арналған.

Марғұлан Шыныбаев, заңгер:

Бүлікшілер арнайы осы камераларды құқықбұзушылығы әшкереленбесін деп бұзған.

Сондай-ақ, 50-ге жуық бағдаршам қиратылып, істен шыққан. Тек осы бағдаршамдар мен жол белгілерін жөндеуге 72 миллион теңге жұмсалған. Сонда, қаланың жалпы инфрақұрылымына келген шығынды есептей беріңіз. Күрделі күйге түскен шаһарға осы аптада мемлекет басшысы келіп кетті. Террорлық шабуылдың салдарын көріп, қаланы тез қалпына келтіруді тапсырды. Тарихи нысандарды жөндеу жұмысының сапасын өзі бақылайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл шаһар тарихымыздағы орны бөлек. Мен өзім бұл қалада дүниеге келдім. Оқыдым. Ер жеттім. Сондықтан, қаланы қалпына келтіру мен үшін Президент, азамат ретінде перзенттік парыз. Былай айтқанда бұл мәселе бойынша күмәнім жоқ. Үкімет тиісті қаражатты бөледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан азаматтардың отбасыларымен де кездесті. Көңіл айтты. Қапияда көз жұмған полицейлердің жақындары мен жарларына мемлекеттік ордендер табыстады.

Қазір көшелердегі жарнама тақтайшаларында қайтыс болған полицейлер жайлы ақпараттар үздіксіз көрсетіліп тұр. Ал, қаладағы блокбекеттер әлі жиналған жоқ. Себебі, жақын маңдағы елдімекендерге жасырынған қарулы адамдар болуы мүмкін деген қауіп бар. Сондықтан кірген-шыққан көліктер тексеріліп жатыр. Тұрғындардың түнгі 11-ден кейін далада жүруіне болмайды.

Аманкелді Сейтхан, Айнұр Мәулен


Хабарламаларға жазылу