Ұлттық арнаның Алматы филиалы жөнделеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнаның Алматы филиалы жөнделеді

14.01.2022

Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде 4 жасар қызы қайтыс болған көпбалалы отбасына 3 бөлмелі пәтер беріледі. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қаралы отбасына барып, орны толмас қайғыға көңіл айтты. Атыс кезінде 4 жасар Айкөркем көз жұмса, оның 15 жасар әпкесі Жанель реанимацияға түсті. Қала әкімі Жанельдің сауығып кетуін тіледі.

Қала әкімі Алматыдағы бүлік кезінде қаза тапқан «Алматы» телеарнасы қызметкерінің отбасы да 3 бөлмелі пәтер алатынын жеткізді. Екі саусағын жұлып әкеткен телеоператорға 5 млн теңге, ал рөлге отырып, өміріне қауіп төнген қызметкерлерді көлікпен алып кеткен екінші операторға 2 млн теңге беріледі. Бүгін Бақытжан Сағынтаев тәртіпсіздіктер кезінде тоналып, артынан өртелген «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы Алматы филиалының ғимаратына да барды. Қиратылған нысанның ішін толық аралап шықты. Шаһар басшысының сөзінше, қазір қала бойынша зақымдалған мекемелердің жалпы шығыны шамамен 100 миллиард теңгеден асады. Әкім Алматыны қалпына келтіру, оның ішінде қазақ телевизиясының тұтас тарихын сақтаған Ұлттық арна ғимаратын да жөндеу жұмыстары жақын арада шешілетінін жеткізді.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:
Бірінші кезектегі ғимараттың бірі – «Qazaqstan» телеарнасы, үлкен тарихы бар ғимарат. Өткен тарих болып қана қоймайды, болашақта үлкен орны бар ғимарат. Өйткені, шын мәнінде, айтып отырғаныңыздай, тарихымыз осы жерден басталады. Ары қарай дамытуымыз керек. Жәй жөндеу болса, 3-4 ай, күрделі жөндеу керек болса, 7 ай керек.


Хабарламаларға жазылу