Маңғыстау облысында төтенше жағдай режимін бұзғандарға айыппұл салынды. Ал соңғы тәуліктің өзінде коменданттық сағат режимін қайталап бұзған 69 азаматқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Әкімшілік сотта 34 тұрғынға қатысты іс қаралған. Оның 19-ына төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Тағы 15 адамға сот ескерту берді. Ал кешегі тәулікте коменданттық сағат кезінде көшеде жүрген 81 азамат анықталды. Төтенше жағдай енгізілгеннен бері коменданттық сағат режимін қайталап бұзған 69 азаматқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Аймақта жағдай тұрақты. Полиция қызметкерлері халықтық жасақ көмекшілермен бірге қалалар мен ауылдардың көшелерін күзетуде.