Қазақстандағы шетелдік дипломатттар елдегі қайғылы жағдайға байланысты қазақ халқына көңіл айтты. Елшілер қауымы елдегі ахуалға алаңдаушылық білдіріп отыр. Сыртқы істер министрлігінде бас қосқан олар болған жайтқа байланысты пікір білдіріп, қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Әрі қайта сайланған сыртқы істер министрін құттықтады. Мұхтар Тілеуберді жиында лаңкестердің әккі әрекетін бастан-аяқ тәптіштеп түсіндірді. Өйткені, шетелдік БАҚ өкілдерінің кейбірі жансақ ақпараттар таратып жатыр. Сыртқы істер министрі Президент дер кезінде тиісті шараны қолға алғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ бас қосуда елшілердің көкейтесті сұрақтарына жауап берілді.
Селим Хазбиевич, Польшаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
Қазақстан – Польшаның саяси-экономикалық сенімді серіктесі. Екі елдің кәсіпкерлері бірлескен бизнестері ілгері дамып келеді. Мына болып жатқан соңғы жағдай елге экономикалық шығын әкелетіні белгілі. Біз қандай жағдай болмасын, қолдау көрсетуге дайынбыз. Қайтыс болғандардың туыс туғанына қайғыра көңіл айтамыз. Көптеген өзімнің жерлестерім де алаңдап, сұрап жатты. Олардың да жанашыр сәлемін жолдағым келеді.
Маджид Самадзаде Сабер, Иранның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
Қазақстан- біздің бауырлас досымыз. Мұндағы жағдай біздің де қабырғамызды қайыстырды. Бейбітшілігі тұрақты елде мынадай жағдайдың болуына бәріміз алаңдадық. Енді қаралы күндер артта қалды. Қазақстан мемлекеті қастандыққа тойтарыс бере алды. Ендігі кезекте қалыпты өмірге қайтадан оралуына тілекшіміз.