Оңтүстік Қазақстан облысында жарық көрген көптомды «Қазыналы Оңтүстік» кітабының бір томы толықтай майданнан келген хаттарға арналған. Оны Темірлан ауылында тұратын белгілі ақын Нармахан Бегалыұлы талай жыл бойы жинап, құрастырған екен.
Қаламгер алдымен күнгейден сұрапыл соғысқа аттанған жауынгерлердің тізімін жасап, тынбай ізденді. Соның арқасында қағазы сарғайса да, әріптері сол қалпында сақталған дүниелердің жарыққа шығуына ықпал етті.
Әбілқайыр Әліқұлұлы әкесінен келген хаттарды ұрпақтан-ұрпаққа аманат етсем, дейді. Қан майданнан келген хаттарда жауынгер жарына аман-саулығын жеткізіп, елдің жайын сұраған.
Әбілқайыр Әліқұлұлы, майдангердің ұлы:
Менің әкемнен келген хаттарды анам көзінің қарашығындай көп жыл сақтаған. Бұл хаттар - біздің отбасымыз үшін үлкен тарихи жәдігер.
Бастапқыда Нармахан Бегалыұлы мұрағаттардан ұрысқа аттанған азаматтарды анықтап, тіпті солардың біразының үйлерін аралап шығыпты. Кейбірін аудан, ауылдардан алдыртқан.
Нармахан Бегалыұлы, ақын:
Өкінішке қарай, кейбір хаттар құрастырып оқуға келмеді, қағаз шіріп кеткен. Сол хаттарды көпшілігі ұқыптап сақтаған екен.
Қаламгердің табанды еңбегінің арқасында хаттар бір томға жинақталды. Онда жауынгерлердің латын әріптерімен жазылған хаттары мен өлеңдері сол қалпында берілген.
«Кейбірі қазақ әріптеріне өзгертіліп көшірілгенімен, мағынасы сақталған»,- дейді автор. Оқ пен оттың ортасында жүріп хат жазған майдангерлер елдің амандығын сұрап, кейбірі ұрыс туралы баяндап жазыпты.
Нармахан Бегалыұлы, ақын:
Соғыста қай жерінен жарақат алғанын, кездескен, қоштасқан жерлерін жазады. Содан кейін соғысқан жерлерін де жазады.
Майданнан келген хаттар хабарсыз кеткен жауынгерлердің қай жерлерде соғысқаны, жерленгені туралы да мағлұмат береді. Соның арқасында шейіт болған жерлестерімізді табуға да мүмкіндік туды. Қазір бұл кітап өңірдің барлық кітапханаларына таратылып, оқырманға жол тартты.
Айнұр АҚБАЕВА