Альфа банктің барлық бөлімшесі қолжетімді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Альфа банктің барлық бөлімшесі қолжетімді

12.01.2022

Бүгін Альфа банк басшылығы елдегі ахуалды ескере отырып, өз клиенттерінің несиелері мен төлемдеріне өсімпұл мен айыппұлды қоспайтынын уәде етті. Бұл жеңілдік қаңтардың 5-і мен 19-ы аралығындағы төлемдерге тиесілі. Қазір республикада қызмет етіп жатқан банктің 14 филиалымен бірге карталармен де, онлайн банкинг арқылы да төлемдерді жасауға болады дейді банктің бас басқарушы директоры Андрей Тимченко.

Бұл - елордадағы Альфа банк филиалының бөлімшесі. Мұнда 200-дей қызметкер істейді. Қала тұрғындарымен бірге елордаға қонақ болып келген өзге азаматтарға да қызмет көрсетуде. Банктің артықшылығы - оның мобильді қосымшасы.

Мұрат Досмұхамедов, Альфа банк филиалының басқарушы директоры: 
Біздің мобильді қосымшаларымыз, интернет-банкинг, банкоматтар мен карталармен төлеу интернеттің шектелген режимінде қолжетімді. Байланыс орталығының қызметкерлері клиенттерімізге қысқа нөмір арқылы да, WhatsApp чат арқылы да кеңестерін бере алады.

Қазіргі жағдайға түсіністікпен қарап отырған банк Альфа Блэк картасын ұстағандар мен қаңтардың 5-19 аралығындағы несиесі барларға өсімпұл мен айыппұлдарды қоспайтынын шешті. Мұның алдында да қаза тапқан жауынгерлердің отбасыларына несиелерін толық жабуды уәде берген. Бүгіннен бастап Алматыда Альфа банктің бөлімшелері ашылып, клиенттер үшін қызметтерін ұсына бастады.

Мұрат Досмұхамедов, Альфа банк филиалының басқарушы директоры:
Бүгін, яғни 12 қаңтар күні Алматыда үш бөлімше ашылды. Олар Назарбаев даңғылы, Айманов пен Шолохов көшелерінде орналасқан. Филиалдар Алматыда қысқартылған кестесімен, ал басқа қалаларда кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

Қаржы институты қысқа мерзім ішінде тұрғындарға онлайн түрде қызмет көрсетті. Ол үшін банк цифрлық қызметтердің жұмысын реттеп, бар күшін салды. Альфа банк 2016 жылдан бері цифрландыру бағытына көшіп, сервис түрлерін жетілдіріп келеді. Банктің штаб-пәтері Люксембург қаласында және ол жеке халықаралық АBH Holdings S.A. холдингтік компаниясына енеді. Қаржылық институттың тұрақтылығын белді халықаралық ұйымдар жоғары бағалап мойындап отыр.

Ламбриан Топузидис


Хабарламаларға жазылу