Қызылорда облысында террорлық қауіптің «Қызыл» деңгейі алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында террорлық қауіптің «Қызыл» деңгейі алынды

13.01.2022

Қызылорда облысында құқықтық тәртіп орнап, терорлық қауіптің шекті «қызыл» деңгейі алынды. Дегенмен, коменданттық сағат сақталады. Күштік құрылымдар әлі де күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Соған қарамастан қылмысқа барғандар тыйылмай отыр. Мәселен, облыс тұрғыны 1,5 келі есірткі затын автокөлігінің жүк салғышына жасырып, қаладағы блокбекеттен алып өтпек болған. Бірақ, полиция күдіктінің жолын кесті. Мұнан бөлек, Байқоңыр қаласында 49 жастағы азамат әлеуметтік желіде арандатушылық сипаттағы жалған ақпарат таратқаны үшін ұсталды. Аңдамай сөйлеген тұрғын әкімшілік жауапқа тартылып, 30 тәулікке қамалды. Ал кеше түсте белгісіз біреуден облыс әкімдігінде жарылғыш зат бар деген хабар түскен. 

Серік Ахмет, облыс әкімінің орынбасары:
Он минуттың ішінде біз барлық қызметкерді эвакуацияладық. Арнайы органдар, полиция департаменті өз жұмыстарын жүргізіп нәтижесінде ешқандай мина, ешқандай заттар табылмады. Қоңырау шалған белгісіз адам ісздетірілуде. Қылмыстық іс тіркелді.

Жалпы өңірде қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақталуына байланысты бүгіннен бастап балабақшалар ашылды. Қазір облыстағы 668 бөбекжай бүлдіршіндерді қабылдап, қалыпты жағдайда жұмыс істеуде.

Хабарламаларға жазылу