Қостанай облысында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғандар ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғандар ұсталды

13.01.2022

Қостанай облысында полиция жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғандарды ұстады. Олардың бірі - бұзақы топқа жетекшілік жасаған. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері оның пәтерінен компьютер, ұялы телефондар, сим және флеш карталарды тәркіледі. Күдікті арнайы электронды қосымша ашып, жалған ақпарат таратып отырған. Мысалы, «Полиция қызметкерлері күш көрсетпей, наразылыққа қатысушылардың жағына шықты» деген мазмұндағы хабарды әлеуметтік желіге жүктеген. Сондай-ақ оның Украина азаматымен тұрақты байланыста болғандығы анықталды. Дәл қолға түсер алдында бұрын Қостанайда тұрған Украина азаматы мессенджер әкімшісі, яғни интернет байланыс желісі иелігін күдіктіге тапсырған. Ол топта мыңнан аса адам тіркелген. Осы байланыс жүйесі бойынша адамдарды заңсыз наразылық акциясына шақырған.

Бекет Аймағамбетов, Қостанай облыстық ПД басшысы:

Қазіргі уақытта күдіктінің әрекеті ҚР ҚК 272 бабының жаппай тәртіпсіздік бабы бойынша сараланады. Бұл баптың санкциясы 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Жедел іздестіру шараларымен аталған әлеуметтік желідегі топ Қазақстанның 8 қаласын біріктірген осындай ұқсас топтардың құрамына кіргені анықталып отыр.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу