14 өңірде терроризмге қарсы операция аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

14 өңірде терроризмге қарсы операция аяқталды

13.01.2022
14 өңірде терроризмге қарсы операция аяқталды
Қазақстанның 14 өңірінде жағдай тұрақтанды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.

Осы себепті терроризмге қарсы күрес жөніндегі Республикалық жедел штаб (бұдан әрі-РЖШ) Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының аумақтарында терроризмге қарсы операцияның аяқталғанын және террористік қауіптің шекті «қызыл» деңгейінің жойылғаны туралы хабарлайды.

Бұл ретте, Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында жаппай тәртіпсіздік кезінде террористік және өзге де қылмыстық әрекетке қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша шаралар іске асырылуда. Тиісінше аталған өңірлерде терроризмге қарсы операция жалғасып, террористік қауіптің шекті «қызыл» деңгейі сақталып тұр.

«Шешімді РЖШ басшысы – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы «Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі қағидаларын бекіту туралы» № 611 жарлығының талаптарына сәйкес қабылдады»,-делінген хабарламада.


Хабарламаларға жазылу