Елімізде интернет кеңістігін бақылау күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде интернет кеңістігін бақылау күшейеді

12.01.2022

Елімізде интернет кеңістігін қадағалау күшейтіледі. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров мәлім етті. Сондай-ақ, министр деструктивті көзқарасты ұстанушыларды дәстүрлі ислам арнасына қайтару мақсатында құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп оңалту шараларын жүргізуге күш салатынын жеткізді.

Елдегі соңғы оқиғалар жұртшылықтың есін екеу, түсін төртеу қылды. Деструктивті күштер бірнеше рет тұрақтылықты бұзуға талпынып, қоғам тұтастығына қауіп төндірді. Мамандар ахуалдың бұлай ушығуы біздегі бақылаудың бостығынан дейді.

Талғат Жақиянов, Н.Назарбаев орталығы Діни ахуалды талдау және мониторинг департаментінің директоры:

Бізде 2018-2022 жж. арналған экстремизм және терроризммен күрес бағдарламасы бар. Осының жүзеге асуына 4 жылда бізде 270 млрд-тай қаражат бөлінген. Қаражаттың 97 пайыздайы әскери қару жарақ сатып алуға, күштік құрылымдарды күшейтуге бағытталған. Бірақ кешегі терракт кезінде біз олардың нәтиже бергенін көрген жоқпын. Яғни ұсақ-түйек сома профилактикалық шараларға бөлініп отыр.

Дін атын жамылған теріс ағым өкілдерінің жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруда әлеуметтік желінің әсері көп. Өйткені діни сауаты таяз жастар ілімді интернеттен іздейді. Қызығушылықпен ондағы діни ақпараттардың арбауына қалай түсіп қалғанын аңғармайды. Сондықтан бар күш пен істі терроризммен күреске сарп етпей, мәселенің салдарына емес себебіне үңілген жөн.

Асқар Омаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Интернет арқылы халықтың радикалдануына жол бермеу мақсатында радикалды діни контентті анықтау, оның алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік желілерде, әсіресе жастар арасында діни экстремизмді қарсы насихаттау тұрғысында интернет кеңістігінің мониторингі күшейтіледі. Әлеуметтік желілерде радикалды топтар мен қоғамдастықтардың қазақстандық жазылушыларымен атаулы жұмысқа назар аударылады.

Кеңшілік Тышқанұлы, дінтанушы:

Оңалту деген - бетін бері қарату деген сөз. Ал қандай да бір құқықтық жауапкершілікті сезінетін болса, қандай да бір талап болатынын білетін болса, біз оңалту жұмысына жеткізбеуіміз керек еді. Қарастыратын бірнеше тетік бар. Бірінші, жастардың арасында дінге қатысты пәндерді жетілдіру мәселесі. Яғни біз ол мәселелерді науқаншылдыққа салып алдық. Формализмі басып кетті. Факультатив ретінде қалып отыр.

Президент пәрменіне сай, халықтың радикалдануына жол бермеу үшін жүйелі жұмыс жалғасын табады. Ендігі ретте дінді қалқан еткендердің ел бірлігіне сына қағуына жол беруге болмайды.


Хабарламаларға жазылу