Мемлекет басшысының төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысының төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті

12.01.2022

Қауіптің сейілмегеніне қарамастан Алматыға жасалған террористік шабуыл салдарын көруге Президент арнайы келді. Мемлекет басшысының төрағалығымен мұнда жедел штабтың отырысы өтті. Жиында Президент тез арада инфрақұрылым нысандарын қалыпқа келтіруді тапсырды. Жұмыс сапасын өзі тікелей бақылайтынын жеткізді. 

Елдің ірі қаласына жасалған террористік шабуыл салдарын көруге Президент Алматыға арнайы келді. Мемлекет басшысының төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті. Тез арада инфрақұрылым нысандарын қалыпқа келтіруді тапсырды. Жұмыс сапасын өзі тікелей бақылайтынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай тәртіпсіздікте қаза тапқан ерлердің отбасыларымен де кездесті. Көңіл айтты, қолдау танытты.

Алматы лаңкестерден толық тазартылды. Қазір қала тіршілігін қамтамасыз етуге ден қойылған. Ал, жылу, электр қуаты, су және газбен қамту нысандары қалыпты жұмыс істеп тұр. Сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану, базарлар, жанармай бекеттері мен өнеркәсіп орындары ашылып жатыр. Қоғамдық көлік іске қосылды. Мегаполис әкімі Президентке зардап шеккен әкімдік туралы да баян етті. Ондағы 14 басқарма резервтік ғимараттарға және әкімдікке қарасты ұйымдарға орналастырылған. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік, құқық қорғау және арнаулы құрылымдардың ғимараттарын, бейнебақылау жүйесін қысқа мерзімде қалпына келтіруді тапсырды. Шаһарға келтірілген шығын есептелу үстінде. Кәсіпкерлерге де көмек беріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Өздеріңізге мәлім, Алматы – менің туған қалам. Осында дүниеге келдім, оқыдым. Алдымызда қысқа мерзім ішінде қаланы қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл – менің Президент ретінде және еліміздің азаматы ретінде парызым. Қаланың қалпына келетініне еш күмән жоқ. Үкіметтің алдында қаланың келбетін бұрынғыдан да жақсарту міндеті тұр. Бұл өте үлкен жұмыс.

Президент алда Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы бітімгерлік күштерін қайтару жұмыстары жүргізілетінін айтты. Алғыс білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Ертең ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентін елден шығару жұмыстары басталады. Мен тиісті мемлекеттердің басшыларымен сөйлестім. Осы сәтті пайдаланып, осы бірнеше күнде жүргізген ауқымды жұмыстары үшін контингенттің басшылығына алғыс айтамын. ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің Қазақстанға, соның ішінде Алматыға келгені жалпы еліміздегі жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды. Бұл әрекеттердің лаңкестер мен содырлардың агрессиясын қайтаруда үлкен психологиялық маңызы болғаны сөзсіз. Миссия өте сәтті өтті. Менің әріптестеріме Ұйымға мүше елдердің басшыларына үлкен алғыс білдіремін.

Мемлекет басшысы қаладағы жедел басқару орталығына барып, сол жердің жұмысымен танысты. Бұл орталық қаланың барлық аймағын бейнебақылау арқылы қадағалап отырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қара жамылдып отырған отбасылардың қайғысымен ортақтасты. Қапияда көз жұмған полицейлер мен әскерилердің туған-туыстарымен кездесті. Оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Олар халқымыздың қауіпсіздігі үшін, еліміздің болашағы үшін өз жандарын құрбан еткен нағыз батырлар. Біз олардың ерлігіне тәнтіміз, ешқашан ұмытпаймыз. Олар халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Сіздердің отбасыларыңыз назардан тыс қалмайтынына сөз беремін. Баспана болсын, балалардың оқуы болсын барлық мәселеге әрқашанда көмек көрсететін боламыз.

Мемлекет мүддесін қорғаудағы ерліктері үшін марқұмдарға берілген наградаларды туыстарына табыс етті. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Травматология бөліміндегі палаталарды аралап көріп, террорлық акті кезінде зардап шеккен азаматтармен әңгімелесті.

Нысаналы Ығыл 

Хабарламаларға жазылу